Журналист Сандуғаш Дүйсенова: "Шешіндіріп, қорлық көрсетті"

Журналист Сандуғаш Дүйсенова: "Шешіндіріп, қорлық көрсетті"
Фото: Ашық дереккөз

Талдықорғандағы журналист Сандуғаш Дүйсенова Qaz365.kz тілшісіне 8 сағат изоляторда болғанда қандай қорлық көргенін айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Мені 11 тамыз күні тергеуші кешке 17:00-ге шақырған. Ойымда ештеңе жоқ, бара салдым. Үстімнен арыз түскенін айтып, тергеуші сұрақтары барын жеткізді. Арыз түсірген осыдан 1,5 жыл бұрын қасана адам өлтіріп, қашып жүрген адам туралы жазғанмын. Сол кезде қылмыскер туралы өзімнің Instagram парақшамда жазған едім. Егер бұл адам туралы ақпарат болып жатса, полицияға хабарласыңыздар деген сарындағы пост салғанмын. Ойымда ешнәрсе жоқ. Кейін Қызылағашқа барып, өлген адамның үйіне барып, көңіл айтып, видео түсіргенім бар. Қылмыскер қолында 2 жасар баласы бар адамды атқан. Сол оқтан бала да жараланған. Бір аптадан кейін табылды деді. Кейін қайтыс болған ер азаматтың отбасына халық боп жылу жинап, үй алып бердік. Менің бар айыбым сол адамның жеке сәйкестендіру нөмірі жазылған қағазды салуым ғой. Енді түрмеде отырған адам Жетісу облысының прокурорының атына "жеке өміріме қол сұқты, үстінен іс қозғауыңызды сұраймын" деп арыз жазған. 147-баппен іс қозғады", - дейді Сандуғаш Дүйсенова. 


Ол полиция бөлімінде тергеуші тағылған айып ауыр екенін айтып, қамауға алғанын айтты. Сандуғаш өз кезегінде ешқайда қашып кетпейтінін, ішімдік, есірткіге әуестігі жоқ екенін айтып түсіндіргенімен, полициялар көнбей қамауға алған. Сосын тінту жасап, шешіндірген көрінеді. 

"Куәгер екі әйел келді. Криминалист қыз келді. Тергеуші әйел келді. Сол жерде шешіндірді. Криминалист бір видеокамерамен түсірді. Тергеушінің кабинетінде желке жағымда үлкен камера тұрды. Бұл полиция департаменті басшысына қойылған камера болса керек. Облыстағы полиция басшысы – ер адам. Менің бала-шағам, немерелерім, күйеу балаларым бар. 55 жастағы әйелмін. Бірақ соған қарамастан, осылай шешіндіріп, қорлық көрсетті. Бұл видео басқа жаққа тарап кетпесіне кім кепіл? Ертең видео тараса, мына Сандуғаштың шешініп тастағаны несі деп біреу айтуы мүмкін ғой. Кейін наркологияға, сосын арақ ішкен-ішпегенін тексеретін бөлімге апарды. Іш киімдерімді тартып алды. Төстартқышты берсе, мен асылып қалады екенмін. Төстартқышсыз ер адамдардың алдында жүруіме тура келді. Масқара жағдай. Концлагерьдей кеудемді қолыммен жауып, камераға кірдім. Мен бірақ айтқандарының бәрін істедім. Қарсылық танытпадым. Намысқа тырыстым. Енді үйге келіп, осынша қорлық көргенім намысыма тиіп жатыр. Сөйтіп, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Жігіттер ұялды ма, әйтеуір, дұрыс матрас, көрпе-төсегін берді. Ал түнгі 00:40-та үйіме жіберді", - дейді журналист.


Оның адвокаты Ильмира Назырова енді прокуратураға шағым түсіріп, сол күні толтырылған барлық протокол, құжаттарды сұратпақшы.

Айта кетейік, Сандуғаш Дүйсенова "Жеке өмiрге қолсұқпау және дербес дерек пен оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу" (147-бап) бабы бойынша айыпталып жатыр. Ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босап шыққан.

Айта кетейік осыған дейін оның ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Қ. Әбілдәқызы