Ашу, ренішті іште сақтаудың зияны қандай?

Ашу, ренішті іште сақтаудың зияны қандай?
Фото: pixabay

Ашу, реніш және басқа да жағымсыз эмоциялар адам психикасына қатты әсер етіп, тіпті кейін денсаулығына жағымсыз ықпал етеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі doctorpiter басылымына сілтеме жасап.

Психолог Валерий Гуттың пікірінше, кез келген эмоция денеден көрінеді:

  • жүрек соғысы жиілейді;
  • бұлшықеттер тартылады;
  • қысым көтеріледі;
  • белгілі бір гормондар бөлінеді, бұл барлық ішкі мүшенің жұмысына әсер етеді.

"Ми нақты қауіп пен ойдан шығарылған қауіптің арасындағы айырмашылықты көрмейді және қауіпті жою үшін ішкі ресурстарды жұмылдырады. Күйзеліске ұшыраған кезде бұл жүйке жүйесіне шамадан салмақ түсіреді және денсаулықты нашарлатады. Созылмалы аурулар дамиды, соның ішінде психосоматикалық, әртүрлі тәуелділіктер пайда болады: никотин, алкоголь, тамақ. 2021 жылы бір топ ғалым зерттеу нәтижесінде эмоцияны тамақ арқылы басу тамақтанудың бұзылуына және дұрыс тамақтанбауға әкеп соғатынын, соның салдарынан денсаулыққа зиян келуі мүмкін екенін анықтады", - дейді Валерий Гут.

Ашу - дененің қорғаныс реакциясы. Осы эмоцияларды үнемі басып тастап, адам өзін естуді және түсінуді тоқтатуы мүмкін. Бұл аутоагрессияға (адам ашуды өзіне қарсы бағыттағанда - еск.), пассивті агрессияға, апатияға, депрессияға, өз-өзін бағаламауға әкелуі мүмкін.

Сондықтан "Мен қазір не сезініп тұрмын? Мен неге ренжідім? Мен қазір не қалаймын?" деген сұрақтарға жауап табу да маңызды екен. 

Психолог Дарья Яушеваның айтуынша, ашудың әртүрлі көрінісі бар.

  • агрессия - шабуылға жауап ретінде шабуыл, өзін-өзі қорғау;
  • реніш - репрессияланған агрессия, ол өзіне бағытталған ашуға айналуы мүмкін;
  • аутоагрессия - аутоагрессияның көрінісі суицид туралы ойлар, өз-өзін бұзатын мінез-құлық (психобелсенді заттарды қолдану, агрессивті жүру) болуы мүмкін. Әдетте, өз-өзін бағаламайтын адамдар, өзін кінәлі сезінетіндер аутоагрессияға түсіп кетеді. 

"Өкпе-ренішті көрсетпесеңіз, оны іште жинай берсеңіз, бұл ағзаңызға теріс әсер етуі мүмкін. Күйзеліс пайда болады. Симпатикалық жүйке жүйесі белсендіріледі. Ол өз кезегінде ішкі органдардың ресурстарын пайдаланады", - дейді психолог.

Адам өзіне қалай көмектесе алады?

Мұндай кезде далаға шығуға, қолыңызды суық суға батыруға немесе бетіңізді жууға болады. Тыныс алуға және дем шығаруға тырысу қажет. Мүмкін болса, серуендеуге шығу - өте жақсы нұсқа. Арт-терапия әдістері де ашуды басуға көмектеседі.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова