"Осы ақпаратты шұғыл жіберіңіздерші". Университеттерде гранттар бос қалғаны рас па?

"Осы ақпаратты шұғыл жіберіңіздерші". Университеттерде гранттар бос қалғаны рас па?
Фото: Massaget.kz / Ернар Алмабек

Желіде бос гранттар қалғаны туралы және шұғыл мектеп бітірген оқушыларды қабылдайтындары айтылған аудио тарап жатыр. Аудиомен қатар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде бос грант қалғаны туралы хат тараған. Министрлік пен университет өкілдері бұл аудиоға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Біздің университетте хим-биологияға бес грант бос тұр. Оған 75 баллдан асуы керек. Ал биотехнологияға 60 баллдан асуы керек. 10 грант бос қалды. 60, 75-тен жоғары алған таныстарыңыз, достарыңыз, көршілеріңіз болса осы ақпаратты шұғыл жіберіңіздерші. Грант жабылмай тұр. Биыл грант өте көп берген ғой", - дейді аудиожазбадағы әйел.    

Бұл хабарламаға қатысты Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдері жауап берген болатын. 

"Жоғары оқу орындары, ректордың грантын есептемегенде, жалпы конкурс нәтижесі бойынша игерілмеген мемлекеттік білім беру гранттарын қайта үйлестіре алмайды. Игерілмеген мемлекеттік гранттарды қайта бөлу Республикалық комиссияның құзыретіне жатады, - дейді министрлік өкілдері Massaget.kz тілшісіне берген жауабында.

Сонымен қатар, аудиоға қатысты Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті өкілдері жауап берді. 

"Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аталған хабарламаға ешқандай қатысы жоқ. Жалған ақпарат екенін мәлімдейміз", - дейді университет өкілдері. 

Грантты жеңіп алмағандарға не істеуге болады?

Еске салайық, 2023 жылғы грант нәтижесі 5 тамызда жарияланған болатын. Гранттарды тағайындау конкурсына қатысу үшін 94 мың талапкер құжат тапсырды. Бұл былтырмен салыстырғанда 14 мыңға артық. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес халық тығыз қоныстанған батыс және жаңадан құрылған өңірлердің жастары үшін гранттар бөлінді. Педагогикалық, инженерлік, IT мамандықтарға және жаратылыстану ғылымдары бойынша Атырау облысына 1500, Маңғыстау облысына 1500, Ұлытау облысына 300, Жетісу облысына 300, Абай облысына 500, Шымкент қаласына 400, Түркістан облысына 500 грант берілді. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Сатыбалдина