Нұрлан Мәсімовке қатысты сот үкімі шықты

Нұрлан Мәсімовке қатысты сот үкімі шықты
Фото: видео кадры

Павлодар облысы Полиция департаментінің бұрынғы бастығына қатысты сот үкімі шықты. Нұрлан Мәсімов мүлкі тәркіленіп, 10 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қылмыстық іс бойынша алқабилер қатысқан өңірлік Полиция департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мәсімов, оның орынбасары Дамир Сиразидимов және кәсіпкер Евгений Евковичтің сот процесі аяқталды.

"Мәсімов Нұрлан Мырзаханұлы 366-баптың 4-бөлігі, 189-баптың 4-бөлігі 2-тармағы, 392-баптың 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленсін. Сондай-ақ, екінші дәрежелі "Айбын" ордені мен полиция генерал-майорының арнайы атағынан айырылсын", - деп үкімді Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы оқыды.

Нұрлан Мәсімов пара алғаны, сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде иемденгені немесе ысырап еткені үшін айыпталды. Сондай-ақ, Павлодар облысы Полиция департаментінің бұрынғы бастығы мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өткені үшін айыпталды. Сот отырыстарының бірінде ол мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен кінәсін ғана мойындаған болатын.

Дамир Сиразидимовті сот 368-баптың 2-бөлігі мен 189-баптың 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп тауып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Евгений Левкович 189-баптың 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға сотталды.

Левкович пен Сиразидимов сот үкімі шыққаннан кейін сот залында қамауға алынды. Айта кетейік, сот Павлодар облысы ІІД-нің 421,6 миллион теңге азаматтық талабын ішінара қанағаттандырды, сотталғандарды залалды ынтымақты тәртіппен өтеуге міндеттеді.

Еске салайық, 2022 жылғы қаңтарда Нұрлан Мәсімов Павлодар облысының полиция бастығы қызметінен босатылды. Ол департаментті 2019 жылғы қарашадан бастап басқарды.

Былтыр сәуірде Нұрлан Мәсімовтің іздеуде екені белгілі болды. Кейінірек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет оның орналасқан жері туралы ақпарат үшін сыйақы жариялады. Шілдеде Мәсімов Ресеймен шекарада жалған құжаттармен ұсталды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Д. Шәріпхан