"Министр уәдесінде тұрмады": Абай облысында бүтін бір ауыл интернетсіз отыр

"Министр уәдесінде тұрмады": Абай облысында бүтін бір ауыл интернетсіз отыр
Фото: Автордан

Абай облысы Аягөз ауданында бүтін бір ауылдың тұрғындары интернетке қол жеткізе алмай отыр. Ғаламторда сағаттап уақыт өткізу түгілі ауыл тұрғындары қаладағы ағайынмен телефон арқылы сөйлесе алмайды. Ауыл тұрғыны Думан Кенжеғазин осы салаға жауапты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Бағдат Мусиннің жеке қабылдауында да болған. Базынасын айтқан тұрғындарға министр "мәселе 1 тамызға дейін толық шешіледі" деп уәде берген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

2023 жылдың мамырында Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин Абай облысына жұмыс сапарымен барып, азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдаған. Думан Кенжеғазин бірнеше жылдан бері шешімін таппаған Тарбағатай ауылындағы интернет мәселесін көтерген.

"Жағдайды министрге толық баяндап шықтым. Көзінше тексеріп те көрсеттім. Интернеттен бұрын ауылда мобильді байланыс жоқ. Ата-анама қоңырау шалайын десем, сөйлесе алмаймын", - дейді Думан Кенжеғазин.


Сондай-ақ ол Тарбағатай ауылындағы интернет мәселесі кеше-бүгін шықпағанын, алайда жауапты органдар қанша жылдан бері үнсіз отырғанын айтты.

Осыдан он шақты жыл бұрын ауылға Activ/Kcell, Beeline станциясы мобильді байланыс үшін орнатылды. Кейіннен Beeline 2G-ға қосылған. 2019 жылы Altel мен Tele2 құрылды, бірақ оған жеке базалық станция салмай, Activ/Kcell-дің базалық станциясына бекітіп тастады. Бәрі бір жерге қосылған соң керісінше байланыс сапасы нашарлап кетті, - дейді ол.


Думан ауылдан жылына 30-40 адамнан көшіп жатқанын айтады. Оның басты себебі – мобильді байланыс пен интернеттің жоқтығы.

"Ауылдан жылына 30-40 адамнан көшсе, соның жартысынан көбі бұл шешіміне интернеттің жоқтығы себеп болғанын айтады. Жұмыстың жоқтығынан емес, байланыстың нашарлығы себеп болып отыр. Себебі ауылда көпшілігі жеке шаруашылықпен айналысады. 2019 жылы ауылда 1 792 адам тұрса, қазір 1 533 тұрғын бар. Тағы да көшіп жатқандар бар. мына заманда өркениет тгілігін көре алмай отырмыз", - дейді ауыл тұрғыны.

Бағдат Мусин Абай облысы тұрғындарымен кездесуге жалғыз бармаған. Тұрғындарды қабылдауда министрлікке қарасты Телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары Жақсылық Ибрагимов те болған.
Министр сол сапарда Жақсылық Ибрагимовке осы мәселені жеке бақылауына алуды тапсырған.

Министр "ертең демалыс күні екеніне қарамастан, министрліктен жауапты басшы мен техникалық мамандар ауылға барып тексеруі керек" деп тапсырма берді. Министр мәселені 1 тамызға дейін шешуді тапсырған еді, бірақ ол берген уәдесінде тұрмады, - дейді Думан.

Содан кейін Телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары Жақсылық Ибрагимов базынасын айтқан ауыл тұрғынына 10 шілдеде хабарласуға уәде берген. Қандай жұмыс атқарылғанын баяндайтынын жеткізген. Алайда содан бері шенеунік Тарбағатай тұрғындарына мардымды жауап қатпаған. Интернет күткен ауыл тұрғындары министрдің уәдесін әлі күтіп жүр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы