- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақкентте 16-қабаттан балаларды...
Ақкентте 16-қабаттан балаларды құтқарған Шукур Гюнай: "Мен қазақтар мақтасын деп жасаған жоқпын"
Ақкенттегі өрт әлі де халықтың есінен кете қойған жоқ. 16 қабатты тұрғын үйдің жоғарғы қабаттарына өрт сөндірушілердің техникалары жетпей, талай адам төбеден төменге секірген болатын. Сол сәтте тілсіз жаумен күрескендердің арасында Түрік азаматы Шукур Гюнай да болған еді. Massaget.kz тілшісі баланың өмірі үшін басын бәйгеге тіккен азаматпен арнайы барып сұхбаттасып келді.
Бұл азаматқа жалаңдаған жалыннан жан сақтап қалғандардың айтар алғысы шексіз. Себебі 16-қабаттағы үш бірдей баланың өмірін өлімнен арашалап қалды. Шукур Гюнай - Түркияның азаматы. 2009 жылдан бері Қазақстанда жұмыс істейді. Түркиядағы коледждердің бірінде электрик мамандығын тәмәмдаған. Қазір құрылыс саласында электрик болып қызмет атқарады. Ол өрт болған уақыттағы оқиғаны егжей-тегжейлі баяндап берді.
"Ең бірінші өрт болып жатқанын досым айтты. Келген кезімізде иіс қатты болды. Адамдардың көбі терезеден секірмекке бекініп тұрды. Көз алдымда 5-10 адам секіріп те кетті. Кімнің ойына келгенін білмеймін құрылыстан екі кран жіберді. Біреуін үйдің жанынан, енді бірін артынан әкеліп орналастырдық. Көліктің көптігінен кіру қиын болды", - дейді ол.
Ал оқиға орнына крандар келгеннен кейін, арқанмен жылжитын жүк көтергіш механизмі бар кабельді кранның үстіне мініп адамдарды құтқаруға кіріскен.
"Бір мезетте сегізінші қабаттан секіргелі тұрған қызды байқадым. Мен оны дер кезінде айқайлап тоқтаттым. Мені көргеннен кейін ойынан айныды. Достарым бар, өрт сөндіруші қызметкерлер бар шамамен 15 жасар қызды құтқарып қалдық", - дейді ол.
@Шукур Гюнай жекесінен
"Содан кейін үйдің артқы жағына екінші кранға ауыстым. Ол жерде техника 16-қабатқа дейін жетпеді. 14-15-қабаттың арасында қалды. Ең жоғарғы қабатта 3 баласымен әйел адам көмек сұрады. Сонымен қатар 15 қабатта екі жасөспірім жігіт пен мамасы болды. Арқанмен жылжитын жүк көтергіш механизмі бар кабельді кранның үстінде жұмыс істеу қиын болды. Мен құрылыс саласында жүргеннен кейін көтерілердің алдында кранның жоғарғы қабатқа дейін жетпейтінін білдім. Сол себепі арқан мен баспалдақ салып алдым. Баспалдақпен 16 қабатқа жету қиын болды. Жүк көтергіш механизмнің тросынан аяқпен, бір қолыммен ұстап, екінші қолыммен балаларды төмендегі достарыма табыстадым. Шүкір бәрі аман қалды", - дейді ол оқиғаның шынайы көрінісі туралы.
@Шукур Гюнай жекесінен
Көзсіз ерлікке барған кейіпкердің сол мезеттегі ішкі толқынысын сұрап көрдік. Шукур шын мәнінде бойымда қорқыныш сезімі болған жоқ дейді.
"Сол мезетте бойымда қорқыныш сезімі мүлде болмады. Адамдардың айқай-шуына құлақ түрмедім. Бардым, шықтым, құтқарып алдым. Ешкім маған тросқа өрмеле деп айтпады. Қазір ойлансам, бойымды қорқыныш билейді. Жазатайым жағдай болса не болар еді. Балаларды құлатып алсам немесе өзім құлап кетсем... Мүмкін дұрыс істемедім бе деп те ойлаймын. Мен қазақтар мақтасын деп жасаған жоқпын. Өзін ойлаған адам ондай әрекетке бармас еді. Ойымда "қалай көмектесем" деген сұрақ қана болды".
Кейіпкердің электрик маманы екенін ескеріп, өрттің шығу себебін де сұрап көрдік. Себебі құзырлы органдардың алдын ала мәліметі бойынша өрттің шығу себебі шахтадағы кабельдердің өртенуінен басталған еді.
"Әр этаждарда үлкен кабельдер бар. Ол түгелдей пластмассамен қоршалған. Ал пластмассадан қою түтіннің шығатынын өзіңіз білесіз. Дегенмен де, тұрғындар есіктерін ашпай, сулы шүберекпен ауа кіретін саңылауларды бітегенде дұрыс болар еді. Өрт дәлізден басталғаннан кейін пәтерлердің ішіне қою түтін ғана кірді", - дейді ол.
Анам "қорықпадың ба" деп сұрады
Қазақстандағы Түркия елшілігі алғысын айтты. Түркияда түрлі телеарналардан көрсетіпті. Мен отбасымнан ешкімге айтпаған едім. Теледидардан көріп, отбасым хабарласым хәлімді сұрады. Анам "қорықпадың ба" деп сұрады. Мен барлығын түсіндіріп айттым.
"Өзіңді ойламайсың ба" дегендер де бар
Мен ешқандай әлеуметтік желіде отырмаймын. Десек те менің әрекетімді әркім өзінше бағалады. Тик-ток пен инстаграмнан достарым жіберген пікірлерді оқыдым. "Өзіңді ойламайсың ба" дегендер де бар. "Бала-шағаны құлатсаң не болады" деп айтқандар бар. Бірақ мен мұндай сөздерге мән бермеймін.
Мейірімділік ұлтқа бөлінбейді
Қазақ пен Түрік қандас, туысқан елдер. Кім не айтса да солай болып қалады. Мен бұл әрекетімді қазақтар болғаны үшін жасаған жоқпын. Себебі мейірбандылық ұлтқа бөлінбейді. Баланың өмірі бәрінен қымбат. Өзімнің де бір қызым бар. Әйелім мен қызым Қазақстанда. Қызым биыл 1-сыныпқа барады. Ол Қазақстан азаматы. Олар Алмагүл шағын ауданында пәтер жалдап тұрады.
Қазақстанда орысша білмей-ақ өмір сүруге болады
Қазақстанға үйренісу қиын болмады. Түрік пен қазақ тілі бір-біріне ұқсайды. Бұрынғы көне түрік тіліне көп келіңкірейді. Көп қиналмадық. Орысша көп сөз білмеймін. Қазақша сөйлеген оңай мен үшін. Қазақстанда орысша білмей-ақ өмір сүруге болады. Мәселен түрік тілінде араб, парсы тілдерінен енген сөздер бар. Ал қазақ тілі атамыздың тіліне жақын. Дегенмен адамның әртүрлі тілдерді меңгергені жақсы, бірақ өз тіліне деген құрметі биік тұруы тиіс.
Бұған дейін бір мәрте 380 ваттық ток ұрды
Электрик қызмет те - өте көрделі жұмыс. Бұл жерде сақтық шараларын сақтау керек. Бірде мен көмекшіме автоматты өшір деп ескерткенмін. Мен жөндегеннен кейін қосатынын айттым. Ол ұмытып басқа жаққа кетіп қалған. Ол адам токты қосқан сәтте 380 ваттық ток ұрды, - дейді ол.
Еске салайық, Алматыдағы Ақкент шағынауданындағы тұрғын үйде өрт шыққаны хабарланды. Кейін өрттен зардап шеккендер саны анықталды.
Ақкент тұрғын үй кешенінің тұрғыны Дидар өрт туралы айтты. Ол - өрттен аман қалған тұрғындардың бірі. Ал Тілеужан Ахметжан есімді жігіт өрттен 6-7 адамды құтқарып алған. Ер адам 1 жасар баланы, көршінің отбасын, бір жігітті және полиция қызметкерін аман алып қалды.
Ал Түркия азаматы Шүкүр Гюнай Ақкенттегі өрт кезінде 16-қабатта қалған балаларды құтқарған.
Сондай-ақ, өрт шыққан үйдің ішкі көрінісі жарияланды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Зинешов