- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Бір апта бұрын...
"Бір апта бұрын гүлмен келген". Жұмыс орнында өлі табылған медбикені күдікті 5-6 рет пышақтаған
Кеше Алматы облысы Қарасай ауданындағы перзентханада медбике жұмыс орнында өлі табылды. Күдікті - Қошмамбет ауылының 42 жастағы тұрғыны, оны полицейлер бір сағаттың ішінде ұстаған. Massaget.kz тілшісі қайғылы оқиға болған ауруханаға барып, оқиғаның мән-жайын біліп келді.
Қайғылы оқиға перзентхананың өзінде болған. Марқұм Айнұр Шакаримова бұл мекемеде 2012 жылдан бері, 11 жылдай қызмет атқарған.
"Әріптесіміз өте салмақты еді. Мінезі жағынан ешқашан теріс қылық көрсеткен емес. Өз жұмысын біліп, келіп, жұмысын істеп жүретін. Көп сөйлемейтін", - дейді Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасы директорының Ана мен бала ісі жөніндегі орынбасары Индира Кабаева.
Индира Кабаева
Ол қайғылы оқиға болған күнді баяндап берді.
"Мен аурухана әкімшілігінен келе жаттым. Перзентханаға кіріп келе жатқанда екі қолы, үстінің бәрі қан ер адам алдымнан шықты. Орнымда тұрып қалдым. Екінші қабаттан дауыс естілді, мен бірден реаниматологты сонда жібердім. Мен әлгі ер адамның артынан қарадым. Ол изоляторға тығылып, артынан қашып кеткен. Кейіннен мен де екінші қабатқа көтерілдім", - дейді Индира Кабаева.
Күдікті қашып кеткен
Перзентханаға кірген кезде екі есік тұрады. Біріншісі - орталық есік. Ол жерге ешкімнің кіруіне рұқсат жоқ. Тек аяғы ауыр әйелдер кіре алады. Бұл есіктен кіріп-шығатындарды күзет тексеріп отырады.
Орталық есік
Екіншісі - қызметтік есік. Ол жерге аты айтып тұрғандей, тек перзентхана қызметкерлері кіреді. Ол арқылы дәрігерлер, хирург мамандар және тағы басқа қызметкерлер ғана кіре алады. Оларды күзеттегілер тексермейді. Сондықтан қызметтік есікке көп мән берілмейді. Медбикені пышақтап өлтірді деген күдікті осы қызметтік есіктен кіріп кеткен.
Қызметтік есік
Перзентхана күзетшілерінің сөзінше, күдікті осыған дейін бір апта бұрын аурухана алдына бір шоқ гүлімен келген. Ол кезде күдікті перзентхананың сыртында жүрген, күзетшілер оны кіргізбеген.
Есік әдетте кілттеніп тұрады. Тек күндіз қызметкерлер кіріп-шығуы үшін ашық тұрады екен.
Күдікті кіріп кеткен қызметтік есік
Аурухана қызметкерлері марқұм медбике күдіктіні өзі шақырған болуы мүмкін деп болжап отыр.
"Бізде мұндай жағдай бірінші рет болып тұр. Отбасында жанжал болған сияқты. Оның кіріп кеткенін камерадан көрдік. Қызметтік есіктен кіретіндердің бәрін тексеріп жүрмейді ғой", - дейді перзентхана күзетшісі.
Перзентхана қызметкерлері келген ер адамның кім екенінен бейхабар. Құжат бойынша, марқұм Айнұр Шакаримова ажырасқан екен. Артында 20 және 24 жастағы екі қызы қалды. Бұған дейін ол ажырасып кеткен. Ал күдікті марқұм әйелдің кейін бірге тұрған басқа күйеуі ме, әлде жай көңіл бөліп жүрген біреу ме, белгісіз.
"Ер адам екінші қабатқа шыққан кезде медбике ар жақтан өзі шыққан. Олар екінші қабатқа шығатын баспалдақта кездескен", - дейді Индира Кабаева.
Күдікті мен марқұм әйел кездескен жер
Медбике осы жерде қансыраған күйі табылған екен.
Медбике табылған жер
Артынша күдікті осы есіктен қашып кеткен.
Күдіктінің қашып кеткен сәттері бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Оның бәрін зерттеу үшін құзырлы органдар алып кеткен.
Аурухананың бөлім басқарушысы Эркин Зульфикаровтың сөзінше, күдікті медбикені 5-6 жерінен пышақтап тастаған.
"Оқиға болғаннан кейін бізді шақырған соң жедел түрде келдік. Бірден ем-шара қолдандық. Бірақ жарақат көп болған, қан өте көп кеткен. Ішкі органдарына, оның ішінде, көп жарақат сол жақтан болғандықтан өкпе, іш-құрылыс органдары, үлкен артерияларына зақым келген. Операция, жалпы барлық шара шамамен 30-40 минутқа созылды. Қолдан келгеннің бәрін жасағанымызбен нәтижесіз болды", - дейді Эркин Зульфикаров.
Эркин Зульфикаров
Медбике Айнұр Шакаримованың әріптестері оның туыстарына көмек ретінде 600 мыңдай жинап берген. Айнұр Шакаримованың екі әпкесі және екі ағасы бар. Әпкелері Алматыда, ағасы Семейде. Таяуда Шакаримованың бір ағасы да қайтыс болған екен. Жақында оның қайтыс болғанына 40 күн болады.
Медбике Айнұр Шакаримованың ата-анасы Семейде жерленгендіктен медбикені де туыстары сол қалаға алып кеткен. Жерлеу рәсімі Семейде өтеді.
Фото: Massaget.kz / Сымбат Сатыбалдина
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина