• 450.77
  • 503.11
  • 4.87

"Енді бесінші балам бар деп санаймын". Астаналық полицей суға батқан баланы қалай құтқарғанын айтты

"Енді бесінші балам бар деп санаймын". Астаналық полицей суға батқан баланы қалай құтқарғанын айтты
Фото: Видеодан алынған кадр

Астанада полиция қызметкері демалыс орындардың бірінде суға батқан баланы құтқарып қалды. Massaget.kz тілшісі елордалық полицеймен сұхбаттасып, оқиға қалай болғанын сұрады.

Полицейдің есімі - Назым Шәріпова. Ол 14 жылдан бері Полиция департаментінде қызмет етіп келеді.

"2009 жылдан бері жұмыс істеп жатырмын. Полиция майорымын. 40 жастамын. Анықтау бөлімінде анықтаушымын", - дейді ол.

Оның сөзінше, бұл тосын оқиға 1 тамызда болған. Ал полицей үшін бұл бала-шағасымен демалыс күні болған.

"Өз отбасыммен демалып жүрген едім. Бір күн жұмыс істеп, екі күн демаламын. Демалыс кезінде көмек сұраған дауысты естідім. Сол кезде жағажайда жатқан жігіт те көмекке ұмтылды. Барып қарады. Суда әйел адам "баланы шығаруға көмектесіңдер" деп жатыр екен. Ер адам баланы судан шығарып алды. Қарасам, бала көкпеңбек болып демала алмай жатты. Әйел адам баланың анасы ма деп ойладым. Судан шығардым. Сөйтсем, суға секірген құтқарушы екен. Ол шыққан соң артыма қарасам, ер адам балаға көмектесе алмай жатыр. Бізде үнемі оқу-жаттығу болып тұрады. Солай өз қолыма алдым, жасанды тыныс алу жаттығуларын жасадым. Алғашқы көмек көрсеттім. Ер адам баланы, мен құтқарушыны судан шығардым", - дейді полиция қызметкері.

Назым мұндай оқыс оқиғаға бірінші рет тап болғанын айтады. Полицей өзі де өмірге 4 бала әкелген ана. Ол енді құтқарған баланы қосып, бес баласы бар деп есептейтінін жеткізді.

"Сол кезде балалар арбасына көзілдірігім мен ұялы телефонымды салмақ болғанмын. Сол арада дауыс естідім. Негізі өз балаларыммен жүргенмін. Мұндай жағдай болады деп ойлаған жоқпын. Өмірімде бірінші рет болып тұр. Бұл бала ата-анасымен келген. Секундта болған оқыс оқиға. Әке-шешесін де кінәлауға болмайды. Бала ата-анасына "суға түсейік" деген. Анасы "басқа жаққа түсеміз" деп сөмкесін қарап жатқан, сол арада бала суға сүңгіген. Кейін бата бастаған. Ата-анасы суға қарағанда, көрінбеген. Сондықтан басқа жақтан іздеген. Жасанды тыныс алғызып, бала демалған кезде басқа құтқарушылар келді. Осылайша, өз бала-шағаммен кеттім. Кейін "бәрі жақсы, бала аман-сау" деді. Дәрігерлер де "алғашқы медициналық көмектің арқасында бала аман қалыпты. Соның арқасында ештеңе болмаған. Дер кезінде үлгерген" депті. Аяқастынан болған жағдай. Алла берген жасын жасасын. Өзімде төрт бала болса, енді бесінші балам бар деп санаймын", - деп түйіндеді ол. 

Еске салайық, бұған дейін Астанада әйел суға батқан баланы құтқарып қалғаны хабарланған еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова