"Көлгіновтен көл қалды". Астанада су басқан көшелерде автобустар "жүзіп жүр"

"Көлгіновтен көл қалды". Астанада су басқан көшелерде автобустар "жүзіп жүр"
Фото: Видеодан алынған кадр

Депутат Дәулет Мұқаев Астана көшелеріндегі жаңбыр жауғаннан кейінгі көріністің видеосын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кадрлардан су басқан көшелерде автобустар "жүзіп бара жатқаны" көрінеді.

"Бірнеше әкім ауысса да, Астананың су-кәріз жүйесі ретке келер емес. Тіпті Нұрсұлтан Назарбаев Президент болғанда осы мәселені бірнеше рет көтерген еді. Көлгіновтен көл қалды, қазіргі әкімнен не қалар екен?" - деп жазды депутат.

Әлеуметтік желі қолданушылары да көшелердегі мұндай көрініс бұрыннан бар екенін айтқан.

"Астанам-ай. Өкінішті-ақ. Қайтейін", "Сорлылар-ай шетел боламыз деп суағар қалдырмаған", "Астана - бас қала. Масқара. Бюджеттен ақша бөлінбей жатқан жоқ емес, бөлінеді. Бірақ жегіштер жеп қояды ғой жеткізбей", "Құдай-ай, қайда кетіп барамыз, неге осыны қолға алмайды?", "Астанада үнемі осы еді ғой. Бір жауын жауса, бітті. Жерге сіңбейді", "Автобус суға батып, жүзіп кетіп барады", - дейді Желідегілер.

Астана қаласы әкімдігі мәліметінше, жауын-шашынға байланысты қала бойынша 100-ден аса техника (ассенизатор машиналар мен мотопомпалар) жұмылдырылған.

"Elorda eco system мекемесі жерүсті суларын бұруды қамтамасыз ету мақсатында тұрақты негізде тиісті шаралар жүргізіп жатыр: коллекторлар мен жаңбыр қабылдағыштарды тазарту, құбырларды буландыру, су шығару. Сондай-ақ, нөсер кәріз жүйелері мен тазартуға арналған құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр", - делінген әкімдік хабарламасында.

Сондай-ақ, қалада биыл жерүсті суларын бұру үшін 2,5 шақырым магистраль нөсер кәріз желілерін салу жоспарланып отырғаны айтылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова