- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шығыс Қазақстан облысында...
Шығыс Қазақстан облысында 4 ауыл ауызсусыз қалуы мүмкін
Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданына қарасты 4 ауыл ауызсусыз қалуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Елді мекендердегі орталық су жүйесі істен шығып жатыр. Құбырлар инженерлік коммуникацияның тозуынан бұзылған. Первомайский кентінің тұрғындары әкімдіктен көмек күтпей-ақ, апатты жағдайдағы құдықтарды жөндеуге кіріскен. Десе де ауыл тұрғындары мәселені шешуге қауқарсыз. Коммуникацияны қалыпқа келтіру үшін қыруар қаржы керек.
"Су құбырлары тесіліп жатыр. 10 метр сайын ақаулар анықталды. Оған қоса кей жерлері шіріп кеткен", - дейді Первомайский кентінің тұрғыны Валерий Корнеев.
Елді мекендегі орталықтандырылған жүйенің жағдайы осындай. Құбырлар шіріп кеткендіктен, судың түсі өзгеріп, сапасы нашарлаған. Бұл сорғы станциясы суды Ертістен алып, тазартады. Өзеннің деңгейі төмендесе болды, тіршілік нәрін тарту қиындай түседі. Бұған дейін ауылды тіршілік нәрімен қамту үшін артезиан ұңғымаларын пайдалану мәселесі көтерілген. Алайда экологиялық жоба аяқсыз қалды.
"Бұл мәселе туралы 8 жыл бойы айтып келемін. Жерасты суын тарту туралы мәселені шенеуніктерге сан рет жеткіздік. Нәтиже жоқ. Біз күтуден шаршадық", - дейді Первомайский кентінің тұрғыны Николай Микенин.
Өзекті мәселе жергілікті биліктің назарында. Алдағы уақытта жаңа сорғы станциясын салуға қаражат бөлінеді. Бірақ жобаны іске асыруға кем дегенде 1 жыл керек.
"Су құбырларын жөндеуге аудандық бюджеттен 90 миллион теңге қаражат бөлінді. Тамыз-қыркүйек айларында жұмыстар толығымен жүргізіліп, қысқа дайындық аяқталатын болады. Сонымен қатар Первомайский кентінде екінші жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Ертіс өзенінің жағасында жаңадан су ұңғымаларын орнату, таза суды халыққа жеткізу. Жобалық-сметалық құжаттамысы дайын. Қаражат бөлуге өтінім берілді", - дейді Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары Бакытжан Молдаханов.
Телеарна мәліметінше, жаңа ұңғымаларды орнатуға 240 миллион теңге қажет. Жоба қолдау тапса, келесі жылы жүзеге асырылылады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Сатыбалдина