Таңғажайып жағдай: 51 жастағы алматылық егіз босанды

Таңғажайып жағдай: 51 жастағы алматылық егіз босанды
Фото: elements.envato.com

Алматыда №2 перинаталдық орталықта 51 жастағы әйел егіз босанды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengri Life-қа сілтеме жасап.

Орталық директорының орынбасары Қымбат Әбдірайымованың айтуынша, жасанды ұрықтандыру арқылы әйел осы жасында көптен күткен сәбиін дүниеге әкелген.

Әйел орталыққа жоспарлы түрде түскен, соған орай тиісті дайындық шараларынан кейін кесарь тілігі жасалған.

"Ота қиындықсыз, сәтті өтті. Салмағы 2589 грамм болатын қыз және 2345 грамм болатын ұл туды. Бақытты ананың жағдайы жақсы, ал егіздің дені сау болып өмірге келді", - дейді маман.

Операциядан кейін ана мен сәбилер дәрігерлердің бақылауында болған. Ал босанғаннан кейін төртінші күні әйелдің жағдайы жақсы болуына, шағымы жоғына, клиникалық-зертханалық деректердің қалыпты көрсеткіштеріне байланысты үйіне шығарылған.

"Қуанышымды сөзбен жеткізе алмаймын. 50 жылдық сәтсіз әрекетім аяқталды. Жасанды ұрықтандыру процесін мұқият тексеріп, барлық қауіпті анықтағаннан кейін бастадым. ...Ана болғаным үшін Алла тағалаға ризамын. Медицина қызметкерлеріне алғыс айтамын, олардың үлесі баға жетпес. Сіздерге рақмет, ақ халаттылар", - дейді әйел.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова