- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Орталық Азияда су...
Орталық Азияда су үшін соғыс болуы мүмкін - америкалық сарапшылар
Орталық Азияда ең тапшы ресурс - су үшін қарулы қақтығыс туындауы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі inbusiness.kz басылымына сілтеме жасап.
2012 жылы Өзбекстанның президенті, марқұм Ислам Кәрімов су үшін Орталық Азияда соғыс басталуы мүмкін екенін дөп болжап кеткен. Енді бұл мәселе Батыстың бірден бірнеше басылымында қайта қозғалып жатыр. Мысалы, америкалық Foreign Policy журналында "Су соғыстары Орталық Азияға төніп келеді" деген тақырыппен шыққан. Оның сарапшыларының пікірінше, бұрынғы жылдары су ресурстарына қатысты ахуал онсыз да нашар болатын. Алайда енді тәліптер жағдайды тіпті ушықтырып жатыр.
Басылым мәліметінше, Әмудария өзені Өзбекстан мен Ауғанстанды бөліп тұрғаны белгілі. Бұл дария кезінде Сырдариямен бірге Арал теңізін толтыратын. Енді Ауғанстанның жаңа билігі Әмударияны әр жерінен буып, бөгендер тұрғызып жатыр. Биыл "Талибан" (Қазақстанда тыйым салынған) және Қытай Әмудария бассейнінің түбінде миллиондаған жылдар бойы тұнып жатқан мол мұнайды өндіруге кірісуге уағдаласты. 2023 жылғы 5 қаңтарда Ауғанстанның қазіргі билігі қытайлық CPEIC компаниясымен тиісті контрактіге қол қойды.
"Шарт жасасу салтанатында Ауған Ислам Әмірлігінің (Ауғанстанның тәліптердің жаңа атауы) Тау-кен өндірісі өнеркәсібі және мұнай министрінің міндетін атқарушы Шахабуддин Делавар алғашқы үш жылда тек зерттеу мақсатында бұрғы салынатынын хабарлады. Осы кезеңде шың елі 540 миллион доллардан аса инвестиция салмақ. Контракт аясында қытайлар Әмударияның бастауында, яғни ауған бөлігінде 25 жыл мұнай өндіреді. Мұнай үш провинцияда: Сари-Пуль, Джаузджан, Фарьябта өндірілмек. Алғашқы жылдары кем дегенде 1 000-20 000 тонна аралығында мұнай алынады. Шикізат Ауғанстанның өзінде өңделіп, одан түрлі мұнай өнімдері мен басқа заттар жасалады деп жоспарланған", - деп жазылған басылым мәліметінде.
Экологтар Қытай компаниялары Африкада да кен орындарын белсенді игеріп жатқанына да алаңдаулы. Алайда артында әбден экологиялық ластанған жерлерді қалдырады. Ендеше, ширек ғасырдан соң Әмударияның халі не болатынын аңдай беруге болады. Онда Өзбекстанға қауіп төнбек. 2015 жылы өзбек елінің бұрынғы басшылығы өзен үшін Ауғанстанның зайырлы билігімен тәжікелесе, қақтығысқа түсе жаздаған.
Фориң Полиси журналы Түрікменстанды қуаңшылық жайлағанына, су қоймалары бірінен соң бірі тартылғанына, ал егістіктерді көкқасқа шегіртке жалмап жатқанына назар аударған.
"Қазақстанның ахуалы да мәз емес. Ол аймақтағы аумағы жөнінен ең ірі, сонымен бірге, су ресурсы ең аз мемлекет. Қазақстанда жыл сайын қуаңшылық күшейіп, шындап қыса бастады. Егістіктерінің үлкен бір бөлігінің сапасы нашарлап, қурап қалып отыр. Республиканың өңірлері төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды. Қазақстандағы Арал теңізі өткен ғасырда тартылып қалды. Каспий теңізі жағалауынан қашып, қатты таязданып отыр. Орталық Азия аумағы болашақта күн күйдірген шөлге айналуы мүмкін. Таяуда Ауғанстан мен Иран трансшекаралық өзендер үшін бір біріне қару кезеніп, атысуға барды. Бірқатар сарапшылар аймақтағы су соғыстарының алғашқы оғы атылды деп қауіптенеді", - деп жазылған басылымда.
The Diplomat та Азияға су соғыстарының қатері төнгенін үнемі мәселе етіп көтереді. Бұл осы елдерді өз болашағына селсоқтық танытпай, тығырықтан шығатын жолды қазірден іздеуге итермелесе, жөн.
БҰҰ мен ғалымдар жер планетасы жаһандық жылыну дәуірін артқа тастап, "жаһандық қайнау дәуіріне" аяқ басқанын жариялады. Ендеше, Орталық Азияда бұрыннан қат, дефицит болған судың құны арта түспек. Америкалық сарапшылар оның арғы жағында соғыс та алыс қалмауы ықтимал деп жорамалдайды.
Олар Орталық Азияға осынау "ауыр мұраны" Кеңес Одағы қалдырғанын айтады: нарықтық емес, жоспарлы экономиканы ұстанған КСРО республикаларға барлық өнім түрін жыл сайын қарқынды өсіру жоспарын түсіріп отырды. Салдарынан тыңайту талаптары сақталмай, әрі барлық алқап жаппай жыртылып, Қазақстандағы құнарлы жерлер гумусынан айрылды, деградацияға ұшырады. Күріш егісі мен өнімін еселеп арттыру үшін Сырдария мен Әмударияның суы бұрып әкетілді. Мыңжылдықтар бойы қос дарияны қатар емген Арал теңізіне тамшы ғана тиіп, ол жылдам тартылып қалды.
"Қызыл империя ыдыраған соң орталықазиялық тәуелсіз, жас республикалардың Мәскеуге шаруашылық тұрғыдан тәуелді экономикалары күйреді. Ол елдер су проблемаларына назар аудара алмады: болашақты ойлауға шамасы келмеген елдер жанбағыс үшін күнделікті судың барлығына қанағаттанды.
АҚШ мамандары одан бергі онжылдықтарда Орталық Азия республикалары су үнемдеу мәселелеріне баса мән бермегенін қаперге салды: әсіресе суды шектен тыс көп ысырап ететін ауыл шаруашылығы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтарда осы аса құнды ресурстарды ұтымды, үнемді пайдаланудың тиімді практикалары енгізілмеді. Үстірт, көзбояу іс-шаралармен шектелді", - делінген басылым мәліметінде.
Бүгінде планетаның қызуы қатты көтеріле бастады. Өзен, көлдер кеуіп қалып жатыр. Қыста аймақта қар аз түсті. Сондықтан да Орталық Азия елдері су ресурстарын бірігіп, орнымен пайдалану туралы ортақ мәмілеге келе алмаса, оның соңы қақтығысқа ұласуы мүмкін.
Бүгінде аймақтағы су тапшылығы мәселесін шешуге Халықаралық Аралды құтқару қоры және Мемлекетаралық үйлестіруші су шаруашылығы комиссиясы тырысып жатыр. Еуропалық Одақ та түрлі институттары арқылы көмекке келді.
Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан президенттері осы тамызда Ашхабад қаласында кездеседі. Саммиттің күн тәртібінде су мәселесі де тұр.
Үнді саясаттанушысы, су ресурстары туралы мәліметтер жинайтын Third Pole платформасының басшысы Омаир Ахмад (Omair Ahmad) аймақты соғыс өрті шарпымауы үшін "Қытай осы елдерді Шанхай ынтымақтастығы ұйымы аясында бір шешімді табуға иліктіре алар еді" деген пікір білдірді. Оның орнына ҚХР өңірдегі проблеманы ушықтырып отыр: ол су айдындарын ластайды, суды үнемдеп жұмсауға, жасыл технологияларды молынан енгізуге мән бермейді. Оның су ресурстарының тапшылығына қатысты өз проблемасы басынан асады. Әзірге су саласында салмақты ілгері жылжу байқалмайды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова