"Менен жақсы сөйлейді". Әскерге барып қазақ тілін үйреніп келген орыс жігіт жұртты сүйсінтті

"Менен жақсы сөйлейді". Әскерге барып қазақ тілін үйреніп келген орыс жігіт жұртты сүйсінтті
Фото: видео кадры/anya__iv

Желіде қазақ тілінде сөйлеген орыс жігіттің видеосы жұртты сүйсінтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Видеоны Tik-Tok-қолданушысы жариялады. "Бұл - әскерден қазақ тілінде өте жақсы сөйлеп келген ағам", - деп жазды видео авторы Аня Иванова.

Кадрлардан жігіт телефонмен сөйлесіп отырғанын көруге болады. Ол еш қиналмай қазақ тілінде әңгіме құрып отырғаны байқалады.

@anya__iv

♬ оригинальный звук - Olaf

Көпшілік бұған сүйсініп, жігіттің мақтауын асырған. Тіпті кей қолданушылар жігіттің акцентсіз сөйлеп отырғанына таңғалған.

"Қазақ ретінде айтайын, ол акцентсіз сөйлеп отыр", "Маған да армияға бару керек шығар", "Ол менен әлдеқайда жақсы сөйлейді, бар күшімді салып тілді үйренуге тырысып жатырмын", "Ол тіпті қазақша ойлайды", "Жарайсың", "Тілді білетін ортада сөйлесу - үздік ұстаз", " Екі жыл болды үйреніп жүрмін, курстарға барамын, сонда да екі сөздің басын қоса алмаймын. Енді әскерге барғым келеді", "Сондай ұялып тұрмын, жігіт менен жақсы сөйлейді. Мен бұлай таза сөйлей алмаймын", - дейді Желі қолданушылары.

Видео кейіпкері - Родион Иванов. Ол 2000 жылы туған. Қарындасы Аня Иванованың айтуынша, отбасында бәрі бала кезінен қазақ тілін жақсы біледі. 

"Бірақ ағам бәрімізден жақсы түсініп, сөйлесе алатын. Кейін ол әскерге кетті. Онда ол барлық уақытта дерлік қазақ тілінде сөйлескен", - дейді қыз. 

Родион әскерден келгеннен кейін де қазақша сөйлесуді тастап кетпеген.

"Заставадағы достарына хабарласып, қазақша сөйлеседі. Негізі армиядан кейін де ештеңе өзгерген жоқ, ол бұрынғыдай қазақ тілінде жақсы сөйлейді", - дейді қарындасы.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Д. Шәріпхан