"Өкпе рагіне ұшыраймыз ба деп қорқамыз". Алматы тұрғындары үйлерінің іргесіндегі зауыттан шығатын сасық иіске наразылық білдірді

"Өкпе рагіне ұшыраймыз ба деп қорқамыз". Алматы тұрғындары үйлерінің іргесіндегі зауыттан шығатын сасық иіске наразылық білдірді
Фото: Massaget.kz

Алматының бір топ тұрғындары үйлерінің дәл іргесіндегі зауыттан шығатын иістен тұншығып, түнде ұйқыдан айрылып, үйлерінде тұру мүмкін болмай кеткенін айтып отыр. Олардың сөзінше, қоламса иіс қолқаны қауып қана қоймай, балаларының үстіне аллергиялық жаралар да толып кеткен. Зауыттың алдына жиналған жұрт өндіріс орнының жабылуын талап етті. "Бізге таза ауа керек" деген ағайынның талап-тілегін Massaget.kz тілшісі тыңдап қайтты. 

"Түнгі сағат үштерде қатты иіс шығады. Балаларымыз сасық иістен дем ала алмай түнімен жылап, ұйықтамаймыз. Иістің өткірлігі соншалық ұйықтау мүмкін емес. Себебі түнде зауыт қалдықтарын сол жаққа апарып төгеді. Екі балам үстіне аллергия шығып кетті. Күн өткен сайын демалу тіпті қиындап барады. Мына түрімізбен көп ұзамай өкпе рагіне ұшыраймыз ба деп қорқамыз", - дейді Асыл арман тұрғын үй кешенінінің тұрғыны Кашмира Абдирханова.

Қолдарына түрлі "постер" ұстаған тұрғындар зауыттың жабылуын талап етіп айқайға басты. 

Кейбіреуі "әкім қайда қарап отыр" деп әкімдік өкілдерінің бұқараның базынасына назар аударуын талап етті. 

Ал халық жиналған аумаққа әкімдіктен бұрын полиция қызметкерлері топтасып алды. Артынша өндіріс орнының өкілдері мен Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары келді. "KZ RECYCLING" ЖШС заңгері Әлібек Жұмадоллаев қалдықтар төгілетін аумаққа зауыттан бөлек "Абай" ауылының тұрғындары, "Асыл арман" тұрғын үй кешені, оған қоса сол аумақтағы мемлекеттік нысандардың барлығы қалдықтарын шығаратынын айтты. "Зауыттан қалдық шығарылатын аймаққа экологиялық рұқсат қағазымыз бар" деген заңгер Алматы әкімдігімен зауытты көшіру бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты. 

"Алматы әкімдігімен зауытты индустриалды аймаққа көшіру бойынша алдын ала шешім бар. Біз ұсынысты осыдан шамамен 1,5 ай бұрын бердік. Ал шешімі қашан шығатынын біз білмейміз. "Индустриальная зона - Алматы" ЖШС мен келісім жүргізіп жатырмыз. Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тексеру жүргізіп тұрады", - деді ол. 

Зауыт 2001 жылдан бастап жұмыс істейді. Ресми "KAGAZY RECYCLING" ЖШС 2006 жылдан бері тіркелген. Алайда 2021 жылы өндіріс орны басқа адамға сатылып, атауы "KZ RECYCLING" болып өзгеріпті. Ал зауыттың дәл жанындағы "QAZAQ STROY" ЖШС-не тиесілі тұрғын үй кешені 2021-жылдан бастап пайдалануға беріліпті.

"Санитарлық аумаққа үй салуға болмайтынын, 100 метр арақашықтықты сақтауы қажеттігін айтсақ та аталған компания сөзімізге пысқырып та қарамады" дейді заңгер. 

"Заң бойынша өндіріс орнының аумағынан санитарлық аумақ 100 метр. Біз "QAZAQ STROY" компаниясына бір емес бірнеше мәрте ескерттік. Бірақ олар біздің сөзімізге құлақ салмады. Алайда біз қазір қалдықтардан шығатын иісті жою үшін жабдықтарды жаңалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қосымша қалдықтарды сүзетін керек жарақты Еуропадан әкеліп жатырмыз. Зауыт жұмысын тоқтатпайды. Себебі 850 адам жұмыс істейді", - дейді Әлібек Жұмадоллаев. 

Ал зауыт маңайында 155 тұрғын үй кешені бар екен. 127 үй мемлекеттік бағдарламалар арқылы салынған. Әкімдік өкілдерінің сөзінше бұл мәселе көпқабатты тұрғын үйлерді салғаннан кейін пайда болыпты. Алайда зауытты көшіріп әкету ұзақ процесс екенін жеткізді. 

Алматыда зауыт-фабрикалар шоғырланған "Индустриальная зона" деген аумақ бар. Қазіргі таңда өндіріс орнын сол аумаққа көшіру қарастырылып жатыр. Мұны кранмен көтеріп, бір аптада немесе бір айда  апарып тастайтын вагон немесе контейнер емес қой. Бұл үйлердің салынуына Алматы қаласы архитектура басқармасы рұқсатнама берген. Біздің ешқандай кінәміз жоқ", - деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Бағлан Дандыбаев.  

Тұрғындардың мазасын алған иіс міне дәл осы аумақтан шығып жатыр. Өндіріс орнының өкілдері "жай ғана су" дегенімен түсіне қарап химиялық қоспа екенін аңғарасың.

Сорақысы сол осы маңға жақын жерде 2000-ға жуық бала оқитын білім ордасы бой көтеріпті. Тұрғындар оқу жылы басталса "балаларымыз жаппай ауырып қала ма" деп алаңдайды. 

Бейресми ақпарат бойынша, "Асыл арман" тұрғын үй кешенінде 25 мыңға жуық адам, ал "Алма сити" тұрғын үй кешенінде 40 мыңға жуық адам тұрады екен. 

Ал "KZ RECYCLING" ЖШС өкілдері зауытты көшіруге компанияның қаржылық мүмкіндігі жетпейтінін кесіп айтты. Олар мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар қарастырылған жағдайда ғана мәселені шешпек. Сасық иіске тұншыққан тұрғындар мен өз бизнесін қорғаған кәсіп иелерінің текетіресін алдағы уақытта назарымызды ұстаймыз. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Зинешов