Телефонға қосымша орнатқан қарағандылық 11 миллион теңгесінен айырылды

Телефонға қосымша орнатқан қарағандылық 11 миллион теңгесінен айырылды
Фото: polisia.kz

Қарағандыда тұратын ер адам алаяқтың құрбаны болып, 11 миллион теңгесінен айырылып қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

"Мен шахтада жұмыс істеймін. Қазіргі уақытта еңбек демалысында жүрмін. Үйде отырғанымда белгісіз біреу қоңырау шалды. Телефонды алып едім, ар жағынан ер адам сөйлей бастады. Ол өзін банктің қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырып, менің жеке кабинетім бұзылғанын және алаяқты анықтау үшін менің көмегім қажет екенін айтты. Ол үшін ұялы телефонға екі бағдарламаны жүктеу керек. Мен оның кеңесі бойынша осы бағдарламаларды орнаттым. Содан кейін банктің қауіпсіздік қызметкері менің барлық деректерімді нақтылау қажет екенін айтты. Мен жеке куәлігімді, банк картасын суретке түсіріп, оған жібердім. Сосын ол маған алаяқты ұстап алу үшін мен несие алуым керектігін айтты. Қауіпсіздік қызметкері қазір маған банк менеджері қоңырау шалатынын ескертті. Шынында да, екі-үш минуттан кейін әйел қоңырау шалып, менің деректерімді нақтылай бастады, содан кейін ол маған несие мақұлданбағанын айтты. Банктің қауіпсіздік қызметкері тағы да қоңырау шалып, маған банк картасын ауыстыру керек дейді. Ол үшін ертең сағат 11.00-ге дейін айтылған банкке келіп, жаңа карта жасауым керектігін ескертті. Осымен әңгіме аяқталды. Біраз уақыттан кейін мен ұялы телефонымның банк қосымшасын аштым. Қарасам еңбек демалысыма байланысты алған 600 мың теңгемнің жоғалып кеткенін байқадым. Сондай-ақ менің атымнан 5 жыл мерзімге 6 миллион теңге несие рәсімдеген. Өзім депозит ашқан басқа банктен тағы да 5 миллион теңге несие алған. Мен алданғанымды түсініп, полицияға арыз жаздым, - деді жәбірленуші.

Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция азаматтарға қауіпсіздік қызметкерінен немесе банк менеджері қоңырау шалса, бұл өте күмәнді екенін ескертеді. Мұндай жағдайда бірден банкке немесе ішкі істер органының 102 нөміріне қоңырау шалу керек. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Алғабек