- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Есірткіге отырып алғандар...
"Есірткіге отырып алғандар "өлтіріп кетемін" деп қорқытады"
Сандуғаш Кукенова - қоғамдық белсенді. Ол төрт жылдан бері әлеуметтік жағдайы төмен аналарға қолдау көрсетумен айналысып келеді. Жеке басына қауіп төнгеніне қарамастан, біраз уақыттан бері синтетикалық есірткінің жастар арасында таралуына қарсы күресіп жүрген белсенді есірткі саудасы және одан зардап шегіп жатқандар туралы ашық айтып келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Закладкалар" туралы алғаш рет өзім көмектесіп жүрген аналардан естідім. Оңай болмаса да, осы іске кірісуіме аналардың мұң-зары себеп болды. Себебі күйеуінің, иә баласының мінезі өзгеріп, аты жаман есірткіге әуес болып жүргендерін аналар жылап-еңіреп айтып берді", - дейді қоғамдық белсенді Сандуғаш Кукенова.
Сандуғаш кейінгі кездері синтетикалық есірткілердің Атырауда ашық сатыла бастағанына наразы.
"Есірткі қолданатын адамның артында зар жылаған отбасы, ата-анасы бар. Ол кісілердің мұң-зарына ешкімнің назар аудармай жатқанына намыстандым. Сөйтіп, полициямен бірлесіп, есірткі таралуына қарсы күресті бастадым. Алғашқы нәтижеміз - біз трамадолдың есірткілік заттар қатарына енгізілуіне қол жеткіздік. Үш "барыганың" үстінен қылмыстық іс қозғалды", - дейді белсенді Сандуғаш Кукенова.
Сандуғаштың айтуынша, қазір жастың көпшілігі синтетикалық есірткіге отырып кеткен.
"Қазір ішінен тынып жүрген әйел өте көп. Біз көп жағдайды біле бермейміз. Ащы да болса, ақиқат сол, синтетикалық есірткіден адам шыға алмайды. Себебі ол адамның миын толық басқарып алады. Адам санасынан біржола айрылады, соңында шіріп өледі. Парақшама хат жазып, өздерінің шаршағандарын, балаларының өмірі үшін қорқатындарын айтып, жылап жататын әйел өте көп. Көп жағдайда есірткі сатушылардың нөмірін осындай әйелдер жазып жатады. Мен осындай хаттарды Атырау қаласының прокуроры, полиция басқармасы басшылары отырған жұмыс чатымызға жіберіп отырамын", - дейді Сандуғаш.
Белсенді жастардың есірткіге әуес болуының себебін де зерттеп көргенін айтты. Оның айтуынша, есірткіге тәуелділіктен емделіп жүрген жастың көпшілігі үйден жылулық көрмегендерін жеткізген.
"Яғни, жастар жылулықты сырттан іздеп кетеді. Синтетикалық есірткіге тәуелді болғандардың арасында 16 жастағы өрімдей қыздар да бар. Мен олардың болашағына алаңдап, әлеуметтік желіге шығара алмадым. Сондықтан таңнан кешке дейін жұмыстың соңында жүрген ата-аналарға балаларымен күніне бір сағат болса да, сөйлесуге шақырамын. Балаларының достарын, айналасын, кіммен сөйлесіп жүргендерін де біліп, зерттеу керек. Және осындай қиын жағдайда қалғандармен жұмыс істейтін мықты психологтар да қажет", - дейді Сандуғаш.
Сөз аяғында Сандуғаштан қауіпті іспен айналысқаннан кейін өмірінде қандай өзгерістер болғанын сұрадық. Белсенді жауларының, аяқтан шалушылардың көбейіп кеткенін ашық айтты.
"Есірткіге әбден отырып алғандар "өлтіріп кетемін" деп, аузына келгендерін құсып жазып жатады. Бірақ мен балаларымның, елдің болашағы үшін күресіп жатырмын. Ол үшін өкінбеймін. Десе де, есірткі саудасы "қара нарықта" миллиардтар айналдырып жатқан үлкен бизнес. Сондықтан мұндай тажалмен күрес жалғыз адамның қолынан келмейді. Қоғам болып бірігу керек", - деді Сандуғаш Кукенова.
Бұған дейін Атырау облысы полиция департаменті кейінгі екі жылда 18 мың дана психотроптық таблеткалардың тәркіленгенін хабарлаған еді.
Қаржылық барлау агенттігінің мәліметінше, тек былтырдың өзінде Қазақстандағы есірткі айналымындағы қаржы - 4,6 миллиард теңгеге жеткен.
Былтыр құзырлы органдар есірткі сататын 22 интернет-дүкенді әшкерелеген. Ондағы қаржы айналымы 4,6 миллиард теңге және 27 мыңнан аса сатып алушы болған.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы