Әкімдер де несие ала ма? Қызылорда әкімі жалақысы және хайп болған суреттері туралы жауап берді

Әкімдер де несие ала ма? Қызылорда әкімі жалақысы және хайп болған суреттері туралы жауап берді
Фото: Назерке Саниязова

Асылбек Шәменов Қызылорда қаласының басшылығын қолға алғалы жылдан асты. Қырық бес жаста. Бір емес, үш дипломы бар. Биографиясына көз салсақ, еңбек жолын компания менеджері болып бастаған. Әр жылдары жеке секторда жауапты басшылық қызметтер атқарды.
Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын ең төменгі сатыдан бастап, Қызылорда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, Қызылорда облысы жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы қызметіне дейін көтерілді.
Қазіргі қызметіне келгенге дейін Қызылорда облысының Жалағаш ауданын басқарды.
Жалпы, Асылбек Шәменов — өңірге белгілі әулеттің өкілі. Ата, әке жолымен қызмет баспалдағында жоғарылап келеді.
Әкімнің күні қалай басталады, халықты қалай естиді, айлық табысы қанша? Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменовпен әңгіме барысында сыр суыртпақтап көрдік. Әкімнің күні қалай басталады, халықты қалай "естиді", айлық табысы қанша? Қызылорданың әкімі Асылбек Шәменов бұл сұрақтардың жауабын айтты , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

- Кезінде облысты басқарған Еркін Әуелбековті жұрт "халықшыл әкім" деп бағалайды. Ешкімге айтпай ел ішін аралап, сүт кезегіне тұрады екен. "Әкімдер өз елді мекендері мен қалаларында жаяу жүруі керек" деп Президент те айтты. Сізде қалай? Қаншалықты кабинеттен жиі шығып, көліксіз жиі жүресіз?

- Жұрт біздің жұмысымыздың бер жағын ғана көреді. Сосын кабинеттен шықпайтындай, көліктен түспейтіндей көрінуіміз мүмкін. Бірақ олай емес. Өз басым күнделікті жұмыс кестем таңғы сағат алты жарымнан басталады. Сегіз жарымға дейін қаланың бірде о шетін, бірде бұ шетін жаяу аралаймын. Кабинетке келгесін орынбасарларым бар, бөлім басшылары бар, көз көрген мәселелерді бірге талқылаймыз, оларға тапсырма беремін. Жалпы, өзім мәселені сырттай бақылап отырмай, басына барып, шешу жолын қарастырғанды құп көремін. Қалада тіршілік қым-қуыт. Сан түрлі саланың басы тоғысқан. Шаһар басшылығына келген бір жылдан астам уақыт ішінде бір күн кабинеттен шықпаған, қаланы араламаған күнім болмапты.

- Біраз бұрын бір әйел кісі "әкім маршрутқа мініп жүр" деп әлеужеліге салыпты...

- Ол кезде де көше аралап жүргенмін. Күн ыстық. Жаңа автобустардың кондиционері қалай жұмыс істеп тұрғанын көрейін деп жолай мінгенмін. Әйтпесе, алдын ала ұйымдастырылған науқан емес. Ешқандай хайп үшін емес. Сол кезде ғой суретке түсіріп алып, жариялап жүргені. Демалыс күн болатын, жолаушы да онша көп емес.

- Ақыры бастаған екенбіз, автобустар туралы айтайықшы. Қызылорданың ыстығы адам төзгісіз, өзіңіз білесіз. Ал автобустардың арасы тым ұзақ. Жұрт қашанғы күнге қақталып күтуі керек?

- Негізі бір ғана бағытта 12-14 автобус жүруі тиіс. "Қызылорда автобус паркінің" оған мүмкіндігі әзірге аз. Дегенмен, паркті жылда жаңалау арқылы жағдайды реттейміз. Былтыр 150 көлік сатып алсақ, биыл бұл тізім тағы осынша автобуспен толықпақ. Сол кезде маршрут интервалын, кестесін қайта қарап шығамыз. Мәселе де толық шешімін табуы тиіс.

- Жолақы көтерілетін көрінеді...

- Жолақыны көтерудегі мақсат - халықты электронды төлем жасауға үйрету. Өйткені қолма-қол есеп айырысудың қитұрқылығы бар. Жеке адам өз қалтасына басуы, жасырып қалуы мүмкін. Электронды түрге көшірген жағдайда қаржы автобус паркінің шотына түседі. Тариф көтерілген күнде де ол тек қолма-қол төлейтіндерге қатысты.

- Тұрғындармен кездесудің форматы өзгеріпті. Бұрынғыдай клуб, акт залында емес, ашық далада өтіп жүр. Сондағы елдің жиі сұрайтыны не?

- Бірлі-жарымын айтпағанда, тұрғындар негізінен көпке ортақ мәселені көтереді. Оның басым бөлігі - коммуналдық түйткіл. Жол, су, жарық, қоғамдық көлік жайын қозғайды. Бұдан халықтың деңгейі өскенін байқау қиын емес.

- Сырттан келген біраз адамнан "қала таза екен" деген мақтау естідім. Оған тек қуанасың. Бірақ шет аймақтарда қоқысты үйіп қою әлі бар. Қоқыс жәшігі жетіспей ме, қалай?

- Қалада 825 көше болса, көше тазалығына бөлінген бюджет сомасы соның небәрі 230-ын күтіп ұстауға жеткілікті. Бірақ біз барлығын бірдей қамтуға тырысамыз. Облыс әкімінің қолдауымен облыстық бюджет есебінен арнайы мекеменің техникасы жаңаланып келеді. Былтыр да, биыл да солай. Енді сіздің сұрағыңызға келейік. Шеткері аймақ тұрғындары неге үйдің сыртына қоқысты үйіп қояды? Өйткені тазалықшылар оны аптасына бір рет алып кетеді. Жұрт та соған дағдылана бастады. Бұрын қалай еді? Контейнерді қойдық. Бірақ көпке ортақ болғасын тұрғындар коммуналдық ақыны төлегісі келген жоқ. Екіншіден, қоқыс контейнердің аузы-мұрнына дейін шығып жататын. Үшіншіден, қайта-қайта тазалайтын шама жоқ. Содан жүйені өзгертуге тура келді.

- Өзін "қоғам белсендісі" санайтындардың ішінде әкімдік табалдырығын тоздырып жүргендер жоқ емес. Ондай кісілермен қалай байланыс құрасыз?

- Проблема көтеремін, пікірімді айтамын деген азаматтар үшін есігіміз ашық. Бір-біріміздің байланыс нөмірімізді білеміз. Қалаға қатысты мәселе болса, тікелей өзіме хабарласа алады. Бір-бірімізге мінез көрсеткен кезіміз жоқ.

- Сізбен туыстық байланысы үшін облыс әкімінің орынбасары болған Балжан Шәменова былтыр өз еркімен қызметтен кетті. Жауапты қызметте басқа тума-туыс бар ма?

- Балжан Мөрәліқызы - әкемнің туған қарындасы. Рас, ағайынды адамдармыз. Бірақ бұл қызметтес болуға ешқандай кедергі емес еді. Оның орнында ағам, балам немесе әйелім болса, сол кезде заңға қайшы болар еді. Сонда да ол кісі азаматтық саяси позициясын білдіріп, мүдделер шиеленісі болмас үшін осылай жасады. Қазіргі күні мемлекеттік қызметте ағайын-туыстан ешкім жоқ.

- Балаларыңыздың осы жолға келгенін қалайсыз ба?

- Өздері қаласа, кетәрі емеспін. Өйткені мемқызмет - тәп-тәуір тәрбие мектебі. Балаларым әзірге жас. Бірі - оқушы, бірі - студент. Ұлым құрылысшы-архитектор мамандығына машықтанып жүр. Қызымның арманы - экономика саласында еңбек ету. Қалғанын уақыт көрсетеді.

- Өзіңіз де бұған дейін қаражаяу адам емессіз. Қызметте өсуге өңірге белгілі әулеттің өкілі болу қаншалықты көмектесті?

- Мемлекеттік қызметте жүргеніме он бес жылдан асты. Оған дейін кәсіппен айналыстым, түрлі мекемеде жұмыс істедім, құрылысшы болдым. Рас, атам, әкем мемқызметте танылды. Әкем шаруашылық төрағасы болды, ауданды басқарды. Оларға қарап мен де талпындым. Текті жерден шыққаныммен еңбексіз ештеңе келмес еді. Ендігі жерде әулеттің абыройына кір келтірмеу, ел сенімі - маған артылған үлкен аманат.

- "Бос уақытта немен айналысасыз?" дегенім ыңғайсыз болар. Қызметтегі адамда ондай мүмкіндік бола бермес. Сонда да сұрайын, хоббиіңіз қандай?

- Мынау менің ісім деп айта қоятын хоббиім жоқ екен. Оған уақыт та тапшы.

- Онда сұрақты басқаша қояйын. Қартайғанда немен айналысқыңыз келеді?

- Оны уақытында көреміз. Бала-шағаның, Құдай берсе, немере-шөберенің ортасында аман-сау отырсақ болды. Әзірге жастық жігерімізді жұмысқа жұмсаймыз.

- Айлық жалақыңыз қанша?

- Миллион теңгенің үстінде. Соның есебінен ипотека, несиемді төлеп отырмын.

- Әкімдер де несие ала ма?

- Әрине! Менің де балаларым, үй-жайым, басқа шаруам бар дегендей. Несиесіз тірлік өнбейді.

- Қандай әлеуметтік желіде өзіңіз жазасыз?

- Онымен арнайы мамандар айналысады. Көп уақыт алатын іс, әйтпесе. Бірақ өзім бақылап отырамын. Желі қолданушыларымен міндетті түрде кері байланыс жасаймыз.

- Шенеуніктер арасында шынайы достық бола ма?

- Бірге қызмет бастаған да, қызметтегі жолымыз кейін тоғысқан жандар да бар. Кейбірімен жақсы доспыз, кейбірімен жақсы әріптеспіз.

Қауырт жұмысқа қарамастан уақыт бөлгеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Назерке Саниязова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz