Түркия азаматы 4 жасар қызды тепкен: Бала құқықтары жөніндегі уәкіл оқиға туралы ойын айтты

Фото: видео кадры

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Алматы іргесіндегі сауда үйінде болған оқиғаға қатысты пікір білдірді. Онда шетелдік ер адам 4 жасар баланы бір тепкені видеоға түсіп қалған болатын, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Кеше маған сауда орталығында кішкентай қызға қатысты сұмдық оқиға болғаны туралы ақпарат келді.

Бұл әрекет "Бұзақылық" бабы бойынша тіркелген. Бұл әрекетті жасаған тұлға ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Мен Алматы облысы ПД өкілдерімен байланыстамын", - деді бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Зәкиеваның айтуынша, осы дерек бойынша сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін (жазасын өтеп болғанда), ол адамды Қазақстаннан шығарып жіберу туралы сот процесі қозғалады. 

"Бұл ретте, қазіргі уақытта заңнамада дәл осындай балаларға қатысты қылмыс құрамына қатысты баптың жоқтығын атап өткен жөн. Нәтижесінде адамға бұзақылық бабы бойынша айып тағылады, онда да "кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған іс-әрекет" ретінде жазаны ауырлататын белгі жоқ", - деді ол.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қазір ІІМ-мен бірлесіп, заңнамаға нақты балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қатысты тиісті баптар мен тармақтарды енгізу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Оның айтуынша, түзетулер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты әртүрлі салаларға қатысты. Биыл күзде Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына заңнамалық актілер пакетін енгізу жоспарланып отырғаны айтылды.

Еске салайық, бұған дейін сауда орталығында шетелдік ер адам 4 жасар қызды тепкені туралы хабарланған болатын.

Оқиға 23 шілде күні Алматы облысы Қарасай ауданында орналасқан "Aport Mall" сауда орталығында болған. Бұзақының әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Кадрда ер адамның әйел мен арбадағы баласын ертіп бара жатқанын көруге болады. Бір кезде кішкентай қыз арбаға жақындайды. Осы кезде ер адам баланы бір теуіп, арбадағы сәбиді көтеріп алады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Д. Шәріпхан