"Желдеткіші жоқтар түсінеді". Шымкенттіктер аптаптан қорғанудың қызық әдісін тапты

"Желдеткіші жоқтар түсінеді". Шымкенттіктер аптаптан қорғанудың қызық әдісін тапты
Фото: otyrar.kz/видео кадры

Шымкентте көпқабатты үй тұрғындары пәтердегі қапырық пен адам төзгісіз аптаптан қорғанудың қызық әдісін тапты. Бірнеше қыз түнде төсек-орын жабдығын алып, футбол алаңында ұйықтаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Оtyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Кадрларға қарағанда оқиға Шымкенттегі "Нұрсәт" мөлтекауданында болған. Видео әлеуметтік желіде тез тарап кетті. Пікір білдіргендер қыздарды қолдап, жақсы демалуын тілеген.

"Желдеткіші жоқтар түсінеді", "Иә, көпқабатты үйлерде өте ыстық, аптаптан түнде ұйықтай алмаймыз. Жақсы идея, мен де көшеде түнейтін шығармын", "Нұрсәтте тұрамын, жақында таңғы сағат 6-да жүгіруге шығып едім, көшеде ұйықтап жатқан адамдарды көрдім", - деп жазады желі қолданушылары.

Шымкент тұрғындарына әлі біраз уақыт аптапқа шыдауға тура келеді дейді синоптиктер. Сондай-ақ, өте жоғары өрт қаупі туралы ескертілген.

"Түркістан облысы мен Шымкентте апта аяғына дейін жауын-шашын күтілмейді. Жаңбыр тек облыстың таулы аймақтарында болуы мүмкін. Шығыстан жел соғады. Ал ауа температурасы күндіз +40-42, түнде +22-24 градус жылы болады", - дейді инженер-синоптик Мейірбек Қахарбеков.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Д. Шәріпхан