- Негізгі бет
- LifeStyle
- Миллионер даяшы: Мальдив...
Миллионер даяшы: Мальдив аралдарында жұмыс істейтін қазақ жігіті жұмысы туралы айтты
Мальдив аралдары бұрын тек жарнамада немесе фильмде ғана көре алатын қолжетпес жердей көрінетін. Алайда көптің арманында болған арал бүгінде көп адамға қолжетімді деуге болар. Тіпті аралға барып жұмыс істеп, табыс тауып жүрген қазақстандықтар бар. Соның бірі - алматылық Жандос. Мальдив аралдарында жұмысқа орналасу қиын ба? Жалақы елден көп пе? Бұл туралы Жандос Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында әңгімелеп берді.
Жандос 26-да, Алматыда туып, өскен. Елде маркетолог мамандығы бойынша білім алған. Бүгінде Мальдив аралдарында жаңадан ашылған қонақүйде даяшы болып қызмет етіп жүр.
"Кезінде тренд болып, курстарды оқығанмын. Көп емес, бірақ сол бірнеше агенттікте жұмыс істегенмін. Онымен өмір бойы айналысатындай бір құлшыныс болған жоқ. Айлық аз деп, кейін тастап кеттім. Мальдив аралында демалу әр адамның мақсаты шығар - Үнді мұхитының жағалауында шомылу, жарқырайтын планктондарды көру. Бұл Түркия, Дубай емес. Ұшатын жері де жақын емес. Мальдив мемлекетінде демалу - ақшасы бар адамға ғана қолжетімді", - дейді Жандос.
@jako_bay #работанамальдивах ♬ All Eyes On Me - Instrumental - Dj Belite
Осылайша, Жандос Интернет арқылы бос жұмыс орындарын іздей бастаған.
"Қай жаққа, қалай баруға болады, жұмыс шарттары, айлықтары қандай екенін зерттеп, өзіме қажет ақпаратты тауып алдым. Осылай Мальдив мемлекетіне жұмысқа орналастым. Алдында Ұлыбритания немесе Оңтүстік Кореяға барам ба деп ойлағанмын. Ол жақта қазақтар айына 1 миллион тенге тауып жүр дегенді естуім болды. Бірақ ол елдерде тек қара жұмыс. Сөйтіп, маған екі жаққа да виза берілген жоқ. Ол дұрыс болды деп ойлаймын, себебі ол жақтарда шығын көп екен. Ол елдерге бару үшін, өмір сүру үшін ақша керек, ал ол арзан емес", - дейді Жандос.
Фото: Жандостың жеке архивінен
Жандос өзі жұмыс істейтін компания өкілдері қызметкер үшін барлық жағдайды жасап беретінін айтады. Тіпті Мальдив аралдарына келу үшін қажет ұшақ билеттерін де алып береді екен.
"Мальдив мемлекетін таңдауыма себеп - бұл жерде ешқандай шығын жоқ, жұмыс беретін компания бар жағдайды жасайды: қызметкердің жолын төлейді, тамағы және жататын жерін тегін береді. Мен студент кезінде даяшы болып жұмыс істегенмін. Бұл салада тәжірибем болуымен қатар, ағылшын, орыс тілдерін жетік білуім жұмысқа алу үшін өтетін сұхбаттасудан өтуіме себеп болды деп ойлаймын. Қазақстаннан кеткеніме 1-2 айдай болып қалды. Компаниямен келісімшарт 1 жылға жарамды. Қажет болған жағдайда оны ертерек бұзуға болады. Ешкім 1 жыл жұмыс істеуге мәжбүрлемейді", - дейді ол.
Фото: Жандостың жеке архивінен
Жандостың сөзінше, әзірге қонақүйде келетін адамдар саны азырақ. Оған бірнеше себеп бар.
"Біріншіден, жаз маусымы - Мальдив мемлекетінде жаңбырлы кезең болып есептеледі. Екіншіден, мен жұмыс істейтін Avani+ Fares қонақүйі жаңадан ашылған. Мен жұмысқа орналасу үшін 2 ай жұмсадым. Егер мен сияқты келіп жұмыс істеймін деушілер болса қазір нағыз уақыт, себебі қыста маусымдық кезең басталады. Қонақүйлерде бұл кезде ешкім бос орындар таба алмайды, бұл қызметкерлер үшін өте жақсы. Қонақүйлерде даяшылардың жалақысы 3000-5000 долларға жетуі мүмкін", - дейді Жандос.
@jako_bay #работанамальдивах ♬ оригинальный звук - Жандик ??♂️
Ал орташа айлық 1000-2000 доллар деуге болады.
"Айлық сол елде ашылған картасына айдың соңында түсіп отырады. Ал шайпұл болса, ол қолма-қол ақшалай беріледі. Қызметкерлерге барлық жағдай жасалған: спортзал бар, ойын ойнайтын бөлме, шағын дүкені де бар. Кейбір уақытта жастар арасында жарыстар ұйымдастырып отырады: теннис, футбол, волейбол. Мальдив мұсылман елі деп саналады. Біздің кішкентай аралымызда өзінің мешіті де бар. Мұндай жақсы жағдай деп тек мен жұмыс істейтін қонақүйде жасалған деп ойламаңыздар. Бұл елдің барлық демейін, көбінде қонақүйлерде қызметкерлерге жасалған жағдайы бірдей", - дейді қазақстандық.
Фото: Жандостың жеке архивінен
Жандостың сөзінше, өзімен қатар 27 елден келген азаматтар жұмыс істейді екен.
"Қазақстаннан жалғыз мен ғана. Бірақ таныстарым бар, олар басқа қонақүйде жұмыс істейді. Жалпы, шет елде өмір сүріп, жұмыс істеп көру деген керемет. Алайда туған жеріңді сағынасың. Бірақ мен осы жерде неше түрлі адамдармен танысып, бір шешімге келдім. Олардың көбісі отбасын, балаларын тастап басқа елге жұмыс істеуге кетеді екен. "Неге шешім қабылдадың" деп сұрасам, "туған елде жағдай жоқ" деп жауап береді. Біздің елімізде де солай. Өкінішке қарай, 20 пайыздық инфляциямен, пәтерді немесе көлікті сатып алу қазіргі күндерде қолжетімсіз болып бара жатыр. Сол үшін отандастарым шетелге кетіп, ақша жинап, қайтып келеді. Бәрі жақсы болса, ешкім ешқайда кетпес еді", - дейді Жандос.
Айта кетейік, Жандос әлеуметтік желіде де парақшаларын белсенді жүргізеді. Мысалы, TikTok-тағы парақшасында 22 мың оқырманы бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина