Сиырдың өлексесі қалқып жүр: Тұрғындар өзеннің экологиялық жағдайына наразылық білдірді

Сиырдың өлексесі қалқып жүр: Тұрғындар өзеннің экологиялық жағдайына наразылық білдірді
Фото: Автордан

Ақмола облысының Аршалы ауданына қарасты Волгодоновка селосында балық аулап демалуға келгендер өзенде қалқып жүрген сиырдың өлексесіне тап болған. Қолқаны қабатын сасық иіс тұтас алапты алып кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.


Оқиғаны Есіл өзеніне балық аулауға барғандар анықтаған. Олардың айтуынша, бұл жердегі су қоймасындағы су ешқайда ақпайды. Сондықтан суға түсуге де болмайды. 

"Мұнда суға түсуге мүлдем болмайды. Өйткені су қоймасындағы су ешқайда кетпейді. Ал тұрып қалған суда қанша жұқпалы індеттің пайда болғанын бір құдай біледі. Сиырдың өлексесін алып тастауды ғана емес, су деңгейі аз кезде өзеннің арнасын түбіне дейін тереңірек тазартуды талап ету керек", - дейді Волгодоновка селосының тұрғыны Станислав Круглов. 

Ауыл тұрғындары балалар суға шомылатын өзендегі мұндай жағдайға алаңдап, тиісті құзырлы органдардан мәселені шешуін сұраған. Алайда оқиға бойынша ресми түсініктеме берген Ақмола облысының ветеринария басқармасы мәселенің өздеріне қатысы жоқ екендігін көрсетуге тырысқан. Басқарма бұл мәселемен жергілікті билік айналысуы қажеттігін алға тартты. 

"Құрметті Аршалы ауданының тұрғындары. Елді мекендердің аумағында санитарлық тазалықты ұйымдастыру ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің құзырындағы шаруа болып табылады", - дейді Ақмола облысының ветеринария басқармасынан. 

Өзенде өлген сиырдың өлексесі әлі қалқып жүр. Оның қашан алынып тазартылатыны әзірге беймәлім болып тұр. 
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы