Ақмола облысында ауыл тұрғындары 5 жылдан бері қорқынышпен өмір сүріп келеді

Ақмола облысында ауыл тұрғындары 5 жылдан бері қорқынышпен өмір сүріп келеді
Фото: Автордан

Бұланды ауданының Иванков ауылының тұрғындары 5 жылдан бері қорқынышпен өмір сүріп келеді. Өзен арнасындағы гидротехникалық бөген құрылымы әлдеқашан тоз-тозы шығып, апаттық жағдайға жеткен. Бірақ жергілікті билік жоба бюджетке енгізіліп, жөндеу жүргізіледі деген құрғақ уәдеден ары аспай келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ауылдың дәл іргесіндегі Жолболды өзенінде сонау 2017 жылы су тасып тұтас Набережное көшесін су басқанда тұрғындар аудан және облыс әкімдігінен көмек сұраған. Сол жылы-ақ халыққа бюджетке жоба жасалғанын, келер жылы жөндеу жұмыстары басталатыны хабарланған. Алайда арада аттай алты жылға жуық уақыт өткенімен жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Су өткізу бөгені биылғы көктемде мүлде жарамсыз күйге түсіпті. 

"Бөгеннен мүлде су өтпейтін күйге жетті. Су ешқайда кете алмайды. Біз үш-ақ сағаттың ішінде оның толып қалатынын білеміз. Бөген суды ұстап тұра алмайды. Ал судың көлемі ауылды түгелдей басып қалуға жетеді. Біздің Набережное көшесі тіпті адамдарымен қоса суға ағып, мүлде жоқ болып кететіні анық. Олай болса біздің ешқайда барар жеріміз де жоқ. Өзеннен асып өте алмаймыз, - дейді Наталья Улинич есімді Иванков селосының тұрғыны.  

 Ауыл тұрғындары бұдан бөлек, ауылда ауыз судың да мүлдем жоқтығын ашына жеткізді. Су жергілікті "Иванков –НС" ЖШС-нің күшімен жеткізіледі екен. Тұрғындар биліктен ауылға тым құрығанда бір су ұңғымасын қазып беруді сұраған. Ауылда Кеңес заманында су айдау мұнарасы мен құбырлар тартылған. Бірақ сол күйі іске алғысыз болып жер астында шіріген күйі қалып қойыпты. Тұрғындар бұдан бөлек, ауылдың ешқандай заманға сай қажеттіліктерден де құралақан қалғанын айтады. 

"Біздің ауылды құдай да ұмытқан! Ауыл іс жүзінде күре жолдың жанында тұрса да мұнда ұялы және интернет байланысы жоқ. Әркім өз қал-қадерінше байланыс күшейткіштерін сатып алып сыртқы әлеммен байланыс жасамақ болады. Ауданда барлық ауылда көшеге жарық орнатылғанымен, біздің ауылды бұл жақсылық та айналып өтті. Көше жарықсыз, тас қараңғы. Қазір ауылда жастар да жоқ. Соның салдарынан мектепте 20 шақты ғана бала қалды. Енді оны да жауып, бастауыш қылып тастамақ. Ал мектеп жабылса ауыл да құрып кетеді. Ауылда жаңадан көпір салынған. Биліктің айтуынша, 45 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Бірақ сонша көлемдегі ақша салынбағаны анық көрініп тұр. Көпір өте төмен орналасқан. Келер көктемде су басса ауыл толықтай суға кетпек", - дейді Иванков ауылының тұрғындары. 

Ашынған ауыл тұрғындары биліктің назар аударуын сұрағанымен жергілікті биліктің мәселені жуық арада шешетін түрі көрінбейді. Мәселені шешуге аттай алты жыл уақытта бірнеше мәрте әрекет жасалған. Бірақ одан өкінішке орай түк нәтиже болмағанға ұқсайды. Бұланды ауданы әкімдігі төмендегідей түсініктеме берді.

 

"2018 жылдың 19 шілдесінде "Казводхоз" РМК филиалы директорының орынбасары мен өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының өкілі, Бұланды ауданының төтенше жағдай басқармасының бас маманы, Ергөл ауылдық округ әкімі Иванков бөгеніне шолу жасап, оның апатты жағдайда екенін анықтаған. Осы жылдың қазанында "Гидротехпроект" Қарағанды филиалының инженер-гидротехниктерімен су қоймасына техникалық сараптама жасалған. 2019 жылдың қаңтарында сараптама қорытындысы шығып онда Иванков су қоймасындағы апаттық жағдайдың алдын алу үшін шұғыл әрекет жасау қажеттігі туралы техникалық есеп алынған. Осы жылдың сәуірінде Ергөл ауылдық округы әкімдігі "Көкшетау горсельпроект" ЖШС-не жобалау жұмыстарының сметасын әзірлеп, одан әрі күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама жасалған. Бірақ бұдан кейінгі үш жыл бойы мәселе сол күйі ұмытылған. 2021 жылдың қыркүйегінде бөгендегі апаттық жағдайға байланысты төтенше жағдайды болдырмау мақсатында тасқын суды транзитті түрде өткізу туралы техникалық кеңес те құрылыпты. Кеңес жиынында Жолболды өзенінің ескі арнасын ашып Иванков бөгенінде тасқын суды өткізуге шешім қабылданған. Ол үшін ұзындығы 620 метр, ені 4 метр және тереңдігі 1 метрден 2,5 метрге дейінгі су бұру каналы салынған.  Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне сәйкес Иванков бөгенін күрделі жөндеуге жоба жасалған. Жобалаушы Павлодар қаласының "Биосфера" ЖШС. Қазіргі уақытта "Мемлекеттік сараптама" ведомстводан тыс кешенді сараптамадан өтуге құжаттамалар әзірленіп жатыр", - дейді Бұланды ауданы әкімдігінен. 

 Яғни жергілікті билік дерегіне сенсек тек арада 5 жыл өткенде ғана мемлекеттік сатып алу порталында 4 656 250 теңге сомасына Иванков бөгенін күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама жасау туралы №4249581-2 хабарландыруы ілінген. 
Сонда биліктің осынша уақыт бойы тапсырыс алған компанияны асықтырмауы, халықтың өміріне қауіп төндіретін мәселені шешуге әрекет етпеуі анық көрінеді. Түйінді мәселе әлі де сол күйі жатыр. Ал егер төтенше жағдай болып су тасқыны бола қалса гидротехникалық бөгенді қайта қалпына келтіру орасан көлемдегі мемлекет қаржысын шығындауға тура келмек. Сондай-ақ, кез-келген сәтте су басып қалу қатері төніп тұрған ауыл жұртшылығының да өмірі қыл үстінде қалып тұр.


Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы