"Бір жылда 90 мың адамға артқан". Аллергия неге өршіп барады?

"Бір жылда 90 мың адамға артқан". Аллергия неге өршіп барады?
Фото: unsplash.com

Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы сауалымызға берген мәліметінше Қазақстанда аллергиялық аурумен ауыратындардың саны бір жылда 90 мың адамға артқан. Аурудың ең жиі кездесетін түрлері қандай? Аллергияның алдын алу үшін қандай алдын алу шараларын жүргізу керек? Massaget.kz тілшісі тақырыпты зерттеп көрді. 

Аллергиялық аурулар - қазіргі уақытта күрделі медициналық және әлеуметтік мәселе. Бұл ауру біздің елде өршіп тұр. Мәселен 2021 жылы – 117 801 адам аурушаңдыққа тап болса, 2022 жылы - 209 602 аллергиялық аурумен ауратындардың саны тіркелген.

Фото pixabay сайтынан алынды

Әсіресе өнеркәсіп орталықтары бар өңірлерде және Алматы қаласында таралу факторы жоғары. Бұл негізінен пайдаланылған газдар мен басқа да өңделген өнімдердің, әртүрлі табиғи аллергендердің шығарылуымен байланысты.

Төбесі түтіннен тұнып тұратын Алматыдан аллергиясы үшін қоныс аударған адамдар бар. Халық пен көліктің көптігін былай қойғанда, мұндағы өсімдіктер де аурушаңдық туындатады. Сандар сөйлесін. Алматы қаласында 2022 жылдың қорытындысы бойынша 28 150 аллергиялық аурумен ауыратындардың саны тіркелген, оның ішінде:

  • аллергиялық жанасу дерматиті – 13 479;
  • атопиялық дерматит – 9 975;
  • аллергиялық есекжем – 2 788;
  •  жіті аллергиялық конъюнктивит – 1 172;
  • көп нысаныды эритема – 176;
  • басқа түрлерімен – 560 адам ауырған. 

Фото pixabay сайтынан алынды

Аллергиялық ауру қалай пайда болады? Ең жиі кездесетін түрлері қандай? 

Аллергиялық аурулардың пайда болуы әртүрлі болады.  Кейде олар науқасты туылғаннан бастап кәрілікке дейін алаңдатады. Аллергиялық ауру - бұл организмнің аллергиялық реакциясының сыртқы көріністерінің жиынтығы. Ең жиі кездесетін аллергиялық ауруларға жіті аллергиялық конъюнктивит, атопиялық дерматит, аллергиялық жанасу дерматиті, есекжем және эритема жатады. Сонымен қатар, дәрі-дәрмек, тамақ, жәндіктердің шаққан аллергиясы және тағы басқа жағдайларда туындауы мүмкін. 

Аллергияның басты белгілері қандай? 

Аллергияның клиникалық көріністері аллергеннің ағзаға немесе байланыс орындарына түсу жолына байланысты. Бастапқыда көзден, мұрыннан немесе тыныс алу жолынан және өкпеден реакциялар байқалады. Аллерген асқазан-ішек жолымен түскен кезде теріден реакциялар пайда болады. Аллергиялық аурулардың бастапқы көріністері одан да ауыр болып кетпеу үшін алдын алу шараларын жасау өте маңызды.

Жиырма бірінші ғасырда ағайын "айығар аурудың тәуібі өзі келеді" деп қол қусырып отыра алмайды. Денсаулық сақтау министрлігі әр жыл сайын өршіген аурудың алдын алуы тиіс. Біздің: мұндай аурулардың алдын алу үшін министрлік қандай іс-шара атқарып жатыр? - деген сауалымызға Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері: 

"Елімізде аллергология саласында медициналық көмек көрсету деңгейі жыл сайын айтарлықтай жақсарып келеді. Молекулярлық аллергодиагностика әдістері енгізілді, дәрі-дәрмекке төзбеушілік профилактикасы бойынша бұйрық күшінде, Республиканың барлық аймақтарында міндетті медициналық сақтандыру аясында аллергодиагностика бар. Бронх демікпесі бар науқастарды дәлелді базасы жоғары еуропалық сапалы базалық терапия препараттарымен қамтамасыз ету қарастырылған. Жаңа қазақстандық вакцина маусымдық аллергиямен ауыратын науқастарға аллергенге спецификалық иммунотерапия сынақтан өтуде. Қазақ популяциясындағы астма ауруының генетикасын зерттеу, антропогендік әсерді ескере отырып, ең аллергенді өсімдіктердің жергілікті флорасын зерттеу бойынша ғылыми жобалар жүзеге асырылуда", - деп жауап берді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов