"Амангелді газ-кенін" өндіретін өндіріс ошағы бар Мойынқұм ауданында табиғи газ жоқ. Тұрғындар газ жағатын күнді күте-күте төзімі таусылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жамбыл облысы жерінің 44 пайызын алып жатқан Мойынқұмның тұрғындары әлі күнге табиғи газдың игілігін көре алмай отырғанына наразы. Ауылдағы ағайын қыстай тапқан табысымыз көмір сатып алудан артылмайды деп шағым айтып отыр.
"1975 жылы ашылған "Амангелді" кен орны 2003 жылдан бері газ өндіріп келеді. Сөйте тұра Мойынқұм тұрғындары әлі күнге қыста көмір жағып отыр. Сексеуілді пайдалануға мораторий жарияланғалы 10 жылдан асты. Ал Қарағанды көмірінің бағасы қымбат. Қыстыкүні кен орнының басында 8 мың теңгеден сатылатын көмірдің бағасы шарықтап, 30-35 мың теңгеге бір-ақ жетеді", - дейді Мойынқұм аудандық мәслихатының депутаты Бекболат Өткелбаев.
Жергілікті атқарушы органдар 2018 жылы ауданға газ құбыры желісі тартылады деп мәлімдеген. Алайда одан бері 5 жыл өтсе де бұл мәселе оң шешімін таппай келеді. Аудандық мәслихатқа "Ақ жол" ҚДП атынан сайланған депутаттар Қанат Көшербаев пен Бекболат Өткелбаев осы мәселені көтеріп, Энергетика министрлігіне депутаттық сауал жолдапты.
Мойынқұм ауданы әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, ауданға газ құбырын тарту үшін 26,5 миллиард теңге қаражат қажет екен. Газ құбыры жобасы бойынша құбыр желісін Шу ауданы Қонаев ауылындағы қосылу нүктесінен тарту керек. Мойынқұм ауданы Қылышбай ауылына дейінгі құбырларын тарту жобасы 3 кезеңде жүргізілуі тиіс. Бірінші кезеңнің жобалық құны 18,500 миллион теңгені құраса, Айдарлы, Бірлік, Биназар ауылдары арқылы өтетін құбыр желісі 67,5 шақырымға созылатын көрінеді. Ал Назарбеков, Көкжелек, Күшаман елді мекендерін қамтитын 44 шақырымдық екінші кезеңнің жобалық құны 4 миллиард теңгеге жетеді екен.
Жамбыл, Мойынқұм, Қылышбай ауылдарымен өтетін үшінші желінің ұзындығы 35,5 шақырымға жетсе, құны 4 миллиард теңгені құрайды.
Аудан әкімдігіндегі жауапты мамандардың айтуынша, бірінші кезеңінің жобасына мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы биыл мамыр айында шыққан. Жобаны қаржыландыру бойынша өтінім де берілген. Инвестициялық ұсыныс бойынша шығарылған экономикалық қорытынды да оң.
"2 кезеңге маусым айында, 3 кезеңге жобаны осы айда мемлекеттік сараптамаға ұсындық. Екіншісі бойынша қорытынды осы айдың аяғында шығуы тиіс. 3 кезеңнің газ құбыры жобасына болжам бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы 30 тамызда шығады деп күтілуде", - деп түсіндірді жергілікті әкімдік мамандары.
Айта кету керек, ауылдарға газ тарту жұмыстары 4 кезеңге жоспарланыпты. Мойынқұмдағы 9 елді мекенді газдандыру бойынша 7 жоба әзірленген. Газ құбырларының болжамды ұзындығы – 103,6 шақырымды құрайды. Барлық жобаны жүзеге асыруға 31,477 миллион теңге қажет.
А.Сырымбет
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!