Сізді ит қауып алса: қайда және қалай арыздану керек?

Сізді ит қауып алса: қайда және қалай арыздану керек?
Фото: pixabay.com

Көшеде жануарын, оның ішінде итін немесе күшігін серуендетіп жүрген адамды көрген боларсыз. Кейде сол ит немесе күшік қауып, адамға шабуыл жасауы мүмкін. Себебі тұмсық тормен де торсыз да жүретін иттер бар. Тұмсық торсыз жүрген ит қауып алса не істеу керек? Иттердің тұмсық торсыз жүруі заңды ма? Massaget.kz тілшісі заңгерлерден сұрап анықтап көрді.

Заңгер Ғабит Өмірбек итіңіз болса көшеде тұмсыққа арналған торсыз жүруге болмайтынын айтады. 

"Бұл - заңға қайшы әрекет. Егер тұмсыққа арналған торсыз жүріп, ит біреуді қауып алса, жәбірленуші адамға моральдық шығынды толық өтеуге тура келеді. Себебі ол итке құтырмаға қарсы укол салынған не салынбағанын білмейміз. Егер иттің құтырма ауруы болса, адам 15 күннің ішінде өліп кетуі мүмкін. Сондықтан итпен көшеге шыққанда жануарда тұмсығына арналған тор болуы керек. Тұмсықторсыз шыққан күннің өзінде итті шынжырмен байлап шығу қажет. Оның ұзындығы 1 метрден аспауы керек", - деп түсіндірді заңгер. 

Ал ит адамды қауып алған жағдайда жәбірленуші оқиға болған жерді суретке түсіріп алуы қажет. Сонымен қатар, бірден жедел жәрдем шақыру керек. Артынша иттің иесінің үстінен арыз жазып, шағымдануға құқығы бар. 

"Арызды оқиға қай жерде болды сол аймақтың полиция басқармасына барып жазады. Иттің иесіне әкімшілік хаттама толтырылады. Ал егер келтірілген зардап ауыр болса, ауруханадан құжаттарды алып, еміне шамамен қанша кететінін анықтап, ақшаны өндіріп ала алады", - дейді Ғабит Өмірбек. 

Ал ақшаны жәбірленуші сот арқылы өндіріп алады. 

"Ит қапқан адам міндетті түрде есепке алынады. Апта сайын ауруханаға қаралып тұрады. Сол уақыт аралығында жұмысқа шыға алмауы мүмкін. Бәрін есептей келе ақшаны азаматтық сот арқылы өндіріп алуға болады. Бірақ иттің қапқаны жайлы нақты дәлелдер керек. Яғни иттің иесіне қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, заң бойынша тиісті шаралар қолдану керек. Сол шешім арқылы ғана сотқа арыздануға болады", - деп түсіндірді маман. 

Еске салайық, Өзбекстандағы Баяут ауданында иті өз иесін тістеп алған болатын. Салдарынан ер адам қайтыс болды.

18 шілдеде сағат 19:20-да Сырдария облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына құтырма ауруын жұқтырған 64 жастағы ер адам түскен. Ақпанда өзінің иті сол жақ балтыры тұсынан тістеп алған. Өкінішке қарай, аса мән бермей, шілдеде ғана емдеу мекемесіне жүгінген. Кешігіп келгені салдарынан ер адам 19 шілдеде сағат 21:35-те Сырдария аудандық жұқпалы аурулар ауруханасында қайтыс болғаны айтылды.

Мәйіт сараптамаға жіберіліп, мамандар қайтыс болған ер адамның тұрғылықты жеріне барып, иттің тағы да басқа біреуді тістеп алғанын анықтаған. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина