Биыл колледждерде қазақ тілді бөлімге сұраныс жоғары

Биыл колледждерде қазақ тілді бөлімге сұраныс жоғары
Фото: elements.envato.com

Биыл колледждерде қазақ тілінде оқитатын бөлімге тапсырған білім алушылар саны көбейген. Былтыр нақты қанша талапкер қазақ тілінде оқытатын бөлімге құжат тапсырды? Биылғы статистика қандай? Оқу-ағарту министрлігі өкілдері Massaget.kz тілшісінің сауалына жауап берді. 

"Былтыр колледждерге қазақ тілінде оқитын бөлімге 109 852 білім алушы қабылданды. Биыл жоспар бойынша 115 000 білім алушы қабылданады деп күтіледі. Қазір білім алушыларды қабылдау жалғасып жатыр", - делінген жауапта.

Еске салайық, бұған дейін қанша түлек 2022-2023 оқу жылында қазақ тілінде білім алғаны хабарланған еді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бұл көрсеткіш былтырғы статистикамен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. 

Оқу-ағарту министрлігінің статистикасы бойынша, биылғы оқу жылында 120 439 түлек мектепте қазақ тілінде білім алған. Былтыр бұл көрсеткіш бойынша, 117 088 оқушы болса, бұдан 2 жыл бұрын, 2020-2021 оқу жылында 111 183 түлек мектепте қазақ тілінде оқыған. Бұдан 10 жыл бұрын, 2013 жылы мектепті қазақ тілінде 82 947 түлек бітірсе, 30 жыл бұрын, 1993 жылы мектеп оқушыларының 37 пайызы ғана қазақ тілінде оқыған. 

Анықтама үшін: 1993 жылы жалпы контингент 3 101 420 оқушы болды, оның 1 153 730-ы қазақ тілінде оқыған. Мектеп түлектері және олардың оқыту тілі бойынша мәліметтер жоқ.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек