- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Автобустар "зиратындағы" 823...
Автобустар "зиратындағы" 823 көліктің жартысынан көбі пайдалануға жарамайды
Алматы маңындағы автобустар зиратына қатысты жаңа деректер айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"АлматыЭлектрТранс" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің Massaget.kz тілшісіне берген ресми жауабында "зиратта" пайдалануға жатпайтын және қалпына келтіру үшін жөндеу жұмыстарын қажет ететін автобустар жиналғаны айтылған.
"Ол аймақтағы көлік құралдарының көбі пайдалану мерзімінің өтуіне байланысты қолдануға жатпайды. Қоймада 823 автобус бар, оның 629-ы комиссияның қорытындысына сәйкес пайдалануға жарамайды", - делінген ресми жауапта.
Фото: instagram.com/ajupventure
Сонымен қатар, Желі қолданушылары автобустарды неліктен өзге облыстарға бермеген деп мәселе көтерген болатын. ЖШС өкілдерінің сөзінше, автобустардың бір бөлігі Алматы облысына берілген.
"Алматы қаласы әкімінің 2022 жылғы 22 қазандағы № 4/547 қаулысына сәйкес, 300 көлік Алматы облысына берілген. Оның 157-сі қоймада орналасқан. Ал Алматы облысының өкілдері оны әкетпеген", - делінген жауапта.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
ЖШС өкілдері "зиратта" тұрған автобустар қай жылы шыққанын айтты.
"Қойма аумағында орналасқан және пайдалануға жатпайтын көлік құралдарының көбі 2010-2013 жылы шыққан. Ал дайындаушы зауыттардың деректеріне сәйкес автобустар мен троллейбустарды пайдаланудың нормативтік мерзімі 7 жылдан 10 жылға дейінгі кезең", - дейді компания өкілдері.
Еске салайық, "зираттың" фото және видеоларын Instagram-қолданушысы парақшасында бөліскен болатын. Автобустар Алматыдан шамамен 60 шақырым жердегі Жетіген ауылында жиналған.
Фото және видеолардан автобустарда сырт көзге айтарлықтай ақау байқалмайтынын байқауға болады. Көбінің терезесі сынып, есігі ашық тұр.
Артынша Алматы облысының әкімдігі автобустар "зираты" қалай пайда болғанын түсіндірген болатын. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі 2022 жылдың 22 қазанындағы № 4/547 қаулы бойынша 300 автобус Алматы облысына өтеусіз негізде берілген. Әкімдік автобустар жөндеуді қажет етеді және ішінара бөлшектелгенін атап өтті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина