- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақ тілінде білім...
Қазақ тілінде білім алатын оқушылар саны көбейген: Қазақша оқытатын қанша мектеп бар?
Биыл 120 мыңнан аса түлек мектепте қазақ тілінде білім алған. Бұл көрсеткіш былтырғы статистикамен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Кейінгі 3 жылда қанша оқушы қазақ тілінде білім алған? Қазақстанда қанша қазақ тілді мектеп бар? Еліміздегі мектеп кітапханаларындағы кітап қоры қандай? Massaget.kz сайтының тілшісі бұл сұрақтардың жауабын білу үшін Оқу-ағарту министрлігіне сауал жолдады.
Оқу-ағарту министрлігінің статистикасы бойынша, биылғы оқу жылында 120 439 түлек мектепте қазақ тілінде білім алған. Былтыр бұл көрсеткіш бойынша, 117 088 оқушы болса, бұдан 2 жыл бұрын, 2020-2021 оқу жылында 111 183 түлек мектепте қазақ тілінде оқыған. Бұдан 10 жыл бұрын, 2013 жылы мектепті қазақ тілінде 82 947 түлек бітірсе, 30 жыл бұрын, 1993 жылы мектеп оқушыларының 37 пайызы ғана қазақ тілінде оқыған.
Анықтама үшін: 1993 жылы жалпы контингент 3 101 420 оқушы болды, оның 1 153 730-ы қазақ тілінде оқыған. Мектеп түлектері және олардың оқыту тілі бойынша мәліметтер жоқ.
Тұрар Қазанғапов
Қазір қазақ тілінде оқытатын қанша мектеп бар ?
"2022-2023 оқу жылында 6 909 мемлекеттік мектеп жұмыс істеді, оның ішінде 3 743 мектепте оқыту қазақ тілінде, 1055 білім беру ұйымында орыс тілінде, 2106 мектепте аралас тілде, 5 мектепте ұйғыр тілінде жүргізілді", - делінген жауапта.
Мектеп кітапханаларындағы кітап қоры қандай?
Өңірлік білім басқармаларының 2023 жылғы 1 маусымға дейін берген деректеріне сәйкес, республика бойынша мектеп кітапханаларының негізгі қоры - 36 765 648 дана, оның ішінде:
• қазақ тілінде - 17 529 894 дана, бұл негізгі қордың 45,7 пайызы;
• орыс тілінде - 18 088 120 дана (50,9 пайызы);
• басқа тілдерде - 1 147 634 дана (3,4 пайызы).
Тұрар Қазанғапов
Мұғалімдерге сабақ өткізу үшін қазақ тіліндегі контент жеткілікті ме?
Білім беру ұйымдары оқу-тәрбие процесінде BilimLand.kz, Kundelik.kz, Daryn.online.kz, Bilimal, Mektep.edu.kz және тағы басқа электрон платформаларды кеңінен пайдаланады.
Электрон платформаларда 1-11 сынып оқушыларына арналған үлгілік оқу жоспарларына сәйкес барлық оқу пәні бойынша қазақ және орыс тілдерінде цифрлы білім беру мазмұны қамтылған.
Барлық білім беру ұйымы жыл сайын оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен, оның ішінде қазақ тілінде толық қамтамасыз етіледі.
Ақтөбе облысында шағын жинақты мектептерді қолдау жобасы жүзеге асырылуда. ауылдық мектептерде сапалы білім беруді дамыту және виртуалды педагогтер есебінен шағын жинақты мектептерде педагог тапшылығын толтыруға бағытталған – «БІЛІМ ALL» жобасы. Мұнда арнайы курстан өткен педагогтер 5-11 сыныптың 1851 оқушысына математика, физика, химия, биология, ағылшын тілі бойынша онлайн және офлайн режимінде сабақ беріп келеді. Ақтөбе облысының тәжірибесі еліміздің бірқатар мектептерінде пайдаланылады деп жоспарлануда.
Тұрар Қазанғапов
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек