- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әнші Төреғали Төреәлі...
Әнші Төреғали Төреәлі бостандыққа шықты
Эстрада жұлдызы, әнші Төреғали Төреәлі бостандыққа шықты. Бұл туралы өнер иесінің адвокаты Эльнура Кишкенебаева айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өнер иесінің адвокаты қазір әнші үйіне барғанын жеткізді.
"Төреғали ұлдарыңыз бостандыққа шықты. Қолдап, қорғаған оқырмандарға мың алғыс! Бәрі жақсы, уайымдағандарыңыз үшін рақмет айтамын!", - дейді адвокат.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда танымал әнші Төреғали Төреәлі ұсталған видеосы мен суреттері тараған еді.
Алматының полиция департаменті мәліметінше, 14 маусымда Майлин көшесінің бойында, солтүстік бағытта, жергілікті полиция қызметінің мамандандырылған батальонының экипажы 1992 жылы туған А. (Уикипедиядағы мәлімет бойынша, Төреғали Төреәлінің тегі - Әлиханов) есімді азаматтың басқаруындағы Lexus автокөлігін тоқтатқан.
"Жүргізушінің мінез-құлқы өрескел болып көрінді: ол агрессив болды, полицияның заңды талаптарына бағынбады, тұрақта тұрған Chevrolet көлігіне зақым келтіріп, ұсталған орнынан қашып кетпек болды.
Құқықбұзушының жолы бұғатталды. Патрульдік полиция қызметкерлері оны ұстап, медициналық тексеріске алып барды. Сараптама нәтижесінде А. есімді азаматтың есірткіге мас екені белгілі болды", - делінген полиция хабарламасында.
Полиция Төреғали Төреәлінің ұсталған сәті анық көрінетін видеоны жариялады.
Ведомство мәліметінше, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 3-бөлігі, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 613-бабы 1-бөлігі, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 599-бабы 1-бөлігі, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 596-бабы 3-бөлігі, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 600-бабы 1-бөлігі және ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 230-бабы 2-бөлігі бойынша хаттамалар толтырылған.
Көлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды. Өндіріс материалдары шешім шығару үшін сотқа жіберілетіні хабарланды.
Кейін Қазнетте Төреғали Төреәлі Алматыда Land Cruiser айдап жүргені туралы хабар тарады.
Қамауда отырған Төреғали Төреәлі Алматыда көлік айдап жүргені рас па?
Алматының Полиция департаменті өкілдері бұл ақпаратқа қатысты түсінік берді.
"Бұл - жалған ақпарат, яғни шындыққа жанаспайды. Әртіс Алматы полиция департаментінің әкімшілік-қамауға алынған тұлғаларға арналған арнайы қабылдау бөлмесінде әкімшілік қамауда өтеуді жалғастырып жатыр", - дейді тәртіп сақшылары.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Ерболұлы