ШҚО-да сегіз күн бұрын жоғалған малшы әлі табылмады

ШҚО-да сегіз күн бұрын жоғалған малшы әлі табылмады
Фото: Фотосурет Олжас Шәріпбековтің парақшасынан

Зайсан ауданына қарасты Сартерек ауылдық округі аумағында із-түзсіз жоғалған Жеңіс Қизатулинді іздеуге әкімдік өкілдері, тұрғындар, аудандық төтенше жағдай қызметкерлері жұмылдырылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Белгілі болғандай, ер адам шілде айының 9-ы күні Қайнар учаскесінде хабарсыз кетті. Тұрғындар сөзінше, ол кезде ауа температурасы +38 градусты көрсетіп, алғашқы күндері 40-қа тарта адам төңіректі тінткен.
Аудан әкімі аппаратының басшысы Олжас Шәріпбеков шілде айының 16-ы күнгі ақпаратты ұсынып, іздеу шаралары жалғасып жатқанын жеткізді.

"Іздеуге барлық ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары мен мамандары, аудандық төтенше жағдай, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, Сартерек ауылының тұрғындары, еріктілерден жиналған 70-тен астам азамат қатысты. Әзірге нәтиже берер емес, алдағы күндері де іздестіруді жалғастырамыз" – деді аппарат басшысы.


Бұл ретте аудан әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы қаладан арнайы дрон да алдырған.

"Заманауи технологияның көмегімен Жеңіс ағамыз табылып қалады деген үміттеміз. Жағдайға бей-жай қарамай іздестіру жұмыстарына ерікті ретінде үлес қосамын дегендер болса Сартерек ауылдық округінің әкімшілігіне хабарласуды сұраймын" – деді Олжас Шәріпбеков.

Әкімдік өкілдері іздеу жұмыстары тез арада жемісін беруі үшін мотоциклі бар және салт атпен жүретін азаматтар қажет болатынын алға тартты.

Асыл Бигелді 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы