Алматыдағы балабақшаның аула сыпырушысы балаларға зорлық-зомбылық көрсеткен

Алматыдағы балабақшаның аула сыпырушысы балаларға зорлық-зомбылық көрсеткен
Фото: pixabay.com

Алматыдағы балабақшалардың бірінде кішкентай балалар зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Бұл туралы адвокат Айман Омарова хабарлады. Полиция бұл дерекке қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Алматының Полиция департаменті балабақшада аула сыпырушының балаларға зорлық-зомбылық көрсету ісі бойынша қылмыстық істі әлі тіркемеді. Балалардың ата-анасы қалалық прокуратураға да жүгінген, алайда олар да әрекетсіз отыр. 

Балаларға зорлық-зомбылық көрсету бойынша 6 дерек бар. Полиция іс қозғауы үшін балалар зорланып немесе өлтірілуі керек шығар", - деген еді адвокат екі күн бұрын. 

Қалалық полиция департаменті бұл дерекке қатысты пікір білдірді. 

"Алматы қалалық Полиция департаменті, қылмыстық іс Бостандық аудандық полиция басқармасымен ҚР ҚК-нің 124-бабы 3-бөлігіне сәйкес тіркеліп, тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Оқиғаның объективті мән-жайларын анықтауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, нәтижесінде қылмыстық іс бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады. Сотқа дейінгі тергеу барысы ПД басшылығының бақылауында", - деді Алматы қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметі өкілі Салтанат Әзірбек. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина