- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Құжатты қайда тапсыру...
Құжатты қайда тапсыру керек? Биыл ең көп грант бөлінген мамандықтар айтылды
13 шілдеде грантқа құжат тапсыру басталды. Елімізде қай мамандықтарға білім гранты көп бөлінді? Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері Massaget.kz тілшісіне түсіндіріп берді.
Айта кетейік, талапкерлер 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өткен ҰБТ екі нәтижесінің біреуін ғана конкурсқа ұсына алады.
Биыл бакалавриатқа түсу үшін 73 мың грант бөлінген. Барлық гранттың 60 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінген. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы.
Гранттардың басым бөлігі "Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары" білім беру бағдарлама топтарына бөлінген. Яғни 18 744 грант берілген.
Ал "Педагогикалық ғылымдарға" - 12 560 грант бөлінсе, 10 103 грант "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар" саласына тиесілі.
"Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика" бағытына - 7 388 грант тиесілі.
Ал "Серпін" бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 653 грант бөлінген. Сонымен қатар, биыл халық тығыз қоныстанған батыс және жаңадан құрылған өңірлердің жастары үшін гранттар бөлінген.
Құжаттарды 3 тәсілмен өткізуге болады:
- Офлайн. Жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясы арқылы. Бұл ретте тұрғылықты мекенжайыңызға жақын орналасқан кез келген университеттің қабылдау комиссиясына жүгінуге болады.
- Онлайн. Шалғай аймақта тұратын талапкерлердің ыңғайы үшін ЖОО-да виртуалды қабылдау комиссиялары талапкерлерге бейне байланыс арқылы кеңес беріп, құжаттар қабылдайды.
- Онлайн. Egov.kz арқылы.
Грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина