- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тершеңдікті егу арқылы...
Тершеңдікті егу арқылы кетіруге болатынын білдіңіз бе? Косметолог маңызды сұрақтарға жауап берді
Гипергидроз (жоғары тершеңдік) – кей аймақтарда (алақан, табан, қолтық) тер көп бөлінетін патологиялық жағдай. Бұл жағдай жүйке жүйесінің жоғары белсенділігі, генетикалық себептер, гормонды жағдай және қандай да бір аурулар себебінен пайда болуы мүмкін. Заманауи медицина тершеңдікпен күресудің түрлі әдістерін ұсынады. Тершеңдікті ботулинотерапиямен емдеуге болады. Бұл процедура жайлы толығырақ Massaget.kz тілшісіне косметолог Рахымбай Жанат Маратбекқызы айтып берді.
Бұл процедура кезінде науқас кушеткада босаңсып жатады. Косметолог науқастың қолтығын антисептикалық ерітіндімен өңдейді және инъекция салатын жерлерді маркермен белгілейді. Теріге қосымша антисептик крем жағады. Косметолог инесі өте жіңішке косметикалық шприцпен алдын ала белгілеп қойған нүктелерге препарат салады.
Процедураның қандай артықшылығы бар?
- Бұл процедура қауіпсіз және өте тиімді. Оның ешқандай кері әсері жоқ. Себебі ол тек бір жерге (локально) әсер етеді. Ол тер бөлінуін тоқтатып қана қоймай, жағымсыз иісті де жояды.
Бұл процедураны кімдерге жасауға болмайды?
- Бұл процедураны жүкті және емізетін әйелдерге, онкологиялық ауруы және қант диабеті бар науқастарға жасауға болмайды.
Нәтижені процедурадан соң қанша уақыттан кейін байқауға болады?
- Процедура нәтижесі 3-4 күннен соң біліне бастайды (осы уақытта препарат әсер ете бастайды), ал толық нәтижені 14-15 күннен соң байқайсыз.
Процедура ауырта ма?
- Жоқ, ауыртпайды. Процедура алдында ауруды басатын крем жағылады.
Асқынулар орын алуы мүмкін бе?
- Асқынулар болмайды. Егер бірінші рет жасап тұрса, процедура алдында препаратқа сынама жасалады.
Процедурадан соң не істеуге болмайды?
- Процедурадан соң бір апта моншаға түсуге және ыстық буға отыруға, алкоголь ішуге болмайды.
Қолтыққа арналған укол қанша тұрады?
- Процедура бағасы оның салынатын дозасына байланысты. Шамамен 50 мыңнан басталады. Доза әр клиентке или науқасқа жеке таңдалады.
Процедура әсері қашанға дейін жетеді?
- Бұл да әр адамның физиологиялық ерекшелігіне байланысты әртүрлі болады. Шамамен 6-12 ай арасы. Егер де жиі моншаға түспесе, алкоголь ішпесе және антибиотиккөп ішпесе, процедура нәтижесі ұзағырақ сақталады.
Укол тер бездерін бітеп тастамай ма?
- Жоқ, бітемейді. Тер бездеріне жүйке импульстарының келуін ғана тоқтады, соның әсерінен тер бөлінуі азаяды.
Маман бұл процедураны тек қолтыққа емес, алақанға және табанға жасауға болатынын ескерте кетті.
Еске салайық, бұған дейін тер иісінің өзгеріп кетуінің себептерін жазған болатынбыз.
А. Жапатова