- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шымкенттегі аурухана былығы:...
Шымкенттегі аурухана былығы: трансплантолог Абылай Донбайды не үшін жұмыстан шығарып тастады?
Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері трансплантолог Абылай Донбайдың мәлімдемесіне қатысты үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Айта кетейік, трансплантолог Абылай Донбай Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері оны аурухананың қарызын сылтауратып, оның орнына басқа маманды алу үшін жұмыстан шығарып жіберген екен.
"Қазір төрт науқас бүйрекке, бір науқас бауыр ауыстыруға жатыр. Оларға бір аптаның ішінде операция жасап береді деп өтірік алдапты. Ал бір аптаның ішінде біреу келіп, трансплантация жасап беруі өте қиын. Денсаулық сақтау басқармасы ол нәрсені дәл қазір шешіп бере алмайды. Трансплантацияға жатқызуға қарапайым халықтың жағдайы жетпейді. Трансплантация жасауға баратындардың жағдайы жақсы. Көп адамды квотамен жатқызу керек. Кейбір анализдер аурухананың есебінен кетеді. Бір адамға көмектесу мақсатында. Сондай билікпен жасалып отырған нәрсе ғой. Ал мені аурухананың қарызы бар деп өтірік алдап, шығарып жіберді. Ол тек ағымдағы қарыз, жылдың соңында бітетін қарыз. Соны сылтауратып мені шығарып жіберді. Қазір ешқайда жұмыс істеп жүрген жоқпын", - дейді трансплантолог.
Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері дәрігердің мәлімдемесі пікір білдірді.
"№1 қалалық клиникалық ауруханасының байқау кеңесіне еңбек шартын бұзу мәселесін қарауға және келісуге ұсыну жолданып, 2023 жылғы 10 шілдедегі аурухананың байқау кеңесі отырысының хаттамасына сәйкес, аурухананың бас дәрігері Абылай Донбаймен еңбек шартын бұзу туралы мәселесі қаралып, Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы бұйрығымен ағымдағы жылдың 10 шілдесінен бастап Абылай Донбаймен еңбек шарты тоқталды", - делінген ресми жауапта.
Басқарма мәліметінше, еңбек шартының тоқтатылуының себебі басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы Бақытжан Абдуллаевтың атына басқарманың салалық бөлімдері тарапынан аурухананың бас дәрігері Абылай Донбайға қатысты бірқатар кемшілікке жол берілгендігі көрсетіліп, 5 қызметтік хат түскен.
"Абылай Донбай өзі басқарған Аурухананың есеп шотынан 3 481,2 мың теңге заңсыз өзіне айлық жалақы ретінде аударған. Бұл жағдай Департамент тарапынан жүргізілген тексеру барысында анықталған. Бұған қоса Абылай Донбай аурухана орынбасарлары мен бас бухгалтеріне негізгіз үлкен соммада қаржылай сыйақы беріп отырған.
Сондай-ақ "А.Н. Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы" АҚ-ның Гепатопанкреатобилиарлық хирургия және бауыр трансплантанциясы бөлімшесінің меңгерушісі М. Досхановтың қорытындысына байланысты, Абылай Донбай басқарған ауруханада орындалған бауыр трансплантацияларының нәтижелерін талдау барысында медициналық көмектердің сапасыздығы бойынша бірқатар кемшіліктер болып, 2022 жылы №1 қалалық клиникалық ауруханасында трансплантациясы жасалған 4 науқас қайтыс болды", - дейді басқарма өкілдері.
Ведомство өкілдері басқарма тарапынан бұрынғы бас дәрігерге қысым көрсетілмегенін айтады.
"Мұны Абылай Донбайдың өзі мойындап, мемлекет басшысына жолдаған үндеуін негізсіз екенін алға тартып, өз тарапынан түсінбеушілік кеткені турасында әлеуметтік желіге бейнежазба жариялаған. Сонымен қатар, ауруханада уәкілетті органдар тарапынан тиісті тексерулер жүргізіліп бірқатар, қаржылық заң бұзушылықтарды анықталған.
Қаржылық бухгалтерлік есебімен аудиторлық қорытындыларына сәйкес, аурухананың 2023 жылдың 1 қаңтарына кредиторлық берешек сомасы 2 047 083,0 мың теңге, 2023 жылдың 1 шілде айына кредиторлық берешек сомасы 898 801,3 мың теңге", - дейді басқармадағылар.
Денсаулық сақтау басқармасы дәрігер атап өткен кадрлық мәселелерге қатысты да пікір білдірді.
"Кадрлық мәселесіне тоқтала өтсек, аурухананың бас дәрігері Абылай Донбай білікті тәжірибесі мол түрлі салалы дәрігерлерінің Қазақстан Республикасының басқа аумақтарымен қоса көршілес Түркістан облысының медициналық ұйымдарына мәжбүрлі түрде кетуіне жол берген. Нәтижесінде ауруханада медициналық көмек көрсету сапасы күрт төмендеген. 2023 жылдың басынан, 44 медицина қызметкерлерін жұмыстан босатқан.
Абылай Донбай басқарып отырған ауруханаға қатысты Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша Департаментпен 2023 жылдың 5 айында тексеру қортындыларына сәйкес 2 негізделген арыз және 3 ішінара негізделген анықталған. Айта кетейік, Абылай Донбай бас дәрігер қызметінен босатылғанымен, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан трансплантациялық ота жасауға ешқандай шектеу жоқ екенін мәлімдейміз. Мұнан бөлек, қаладағы медициналық ұйымдарда ағза алмастыру отасын жасайтын дәрігерлер жеткілікті. Қажеттілікке байланысты науқастарға трансплантациялық ота жасалады", - деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина