Электр бағаны жол ортасында: Қорғалжында салынған асфальт жұрттың күлкісін келтірді

Электр бағаны жол ортасында: Қорғалжында салынған асфальт жұрттың күлкісін келтірді
Фото: Автордан

Жақында Ақмола облысының Қорғалжын ауылында көшелерге жергілікті жұрт көптен күткен асфальт төселе бастады. Алайда мердігер компания асфальт төсегенде, электр бағанының бірін автокөлік жолының дәл ортасында қалдырып кетуі ауыл тұрғындарын таңғалдырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жергілікті тұрғындар мәселені әлеуметтік желілерге салып, жанайқайына билік органдарының назар аударуын сұрады. Кейбірі тіпті асфальт төселген жолдың ортасында қалған электр бағанын әзілге айналдырды. 

"Енді электр бағанының орнын ауыстыру үшін тағы бір-екі миллион сұрайды", "Тұрған полиция", "Бағанды қалдырғанына рақмет айтуымыз керек. Олай етпесе жарықсыз қалатын едік", "Кім жасағаны емес, кімнің қабылдағаны қызықты", "Жобалаушы қашықтан оқыған ғой", - деп жазды әлеуметтік желідегілер. 

Бұл оқиға бойынша Қорғалжын ауданының әкімдігі өкілі баған ауыстырылғаны жөнінде ресми пікір білдірді. 

"Қорғалжын ауылының Кенжебек Күмісбеков көшесінде "Астана строй монтаж инжиниринг" ЖШС жолға орташа жөндеу жүргізіп жатыр. АРЭК аудандық филиалы тапсырыс беруші Қорғалжын ауылдық округі әкімдігі көшедегі жол төсемінен электр бағанын ауыстыру қажет екенін хабарлаған. Жол жөндеу жұмыстары басталған кезде электр желісінің теңгерім иесі АРЭК филиалы ауыстыру уақытында жүргізілмегендіктен және кестені бұзу мүмкіндігі болмағандықтан, көшенің осы учаскесінде асфальт төселіп кеткен. Қазір бұл мәселе шешілді. Электр бағаны басқа жерге ауыстырылды. Ұзындығы 1600 метр көшені орташа жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жұмысты қабылдау актісі жұмыстар толық аяқталып, сапасы тексерілгеннен кейін жүргізіледі", - деді Қорғалжын ауданы әкімдігі өкілі.

Абзал Алпысбайұлы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы