Тұрғындар байланыс операторларының тарифы қымбаттауына шағымданды

Тұрғындар байланыс операторларының тарифы қымбаттауына шағымданды
Фото: Massaget.kz

Ашық нормативтік құқықтық акт порталында 2022 жылы өзінің міндеттемесіне сай сапалы қызмет көрсетпеген ұялы байланыс операторларына 3,4 млрд теңге айыппұл салынды, - деп хабарлаған болатын. Алайда байланыс операторлары бұл шығынды тариф бағасын көтеру арқылы қарапайым халықтың қалтасынан толықтыруға машықтанып алғандай. Massaget.kz тілшісі соңғы уақыттағы тариф бағаларының қалай қымбаттағанын зерттеп көрді.  

Тұрғындар тарапынан редакциямызға бір емес, бірнеше мәрте тариф бағасының қымбат екендігі жайлы шағым түскен. "Төлейтін төрт-бес мың теңгемізге сай сапалы интернеттің игілігін көре алмай келеміз" дейді олар. Ал биліктегілер байланыс операторларына айыппұл салып, мәселені шешуге тырысып отыр.

"Мемлекеттің монополиялануы және нарықтың жоғары шоғырлануы салдарынан операторлар арасында клиент үшін бәсекелестіктің төмендеуі байқалады. Бағаның өсуіне, тұтынушыларға талап етілмеген қызметтерді жүктеуге, сондай-ақ байланыс және интернет қызметтерінің сапасына шағымдар көбейді. Мысалы, 2022 жылы және ағымдағы жылдың өткен кезеңінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұялы байланыс операторларына қатысты байланыс қызметтерінің сапасы бойынша 1 492 тексеру жүргізілді және оларға 3 млрд 44 млн теңге сомасына айыппұл салды, - делінген құжатта.

Бірақ бұл мәселенің оңды шешімі емес. Себебі мемлекет тарапынан айыппұл артқан сайын, тұрғындар төлейтін тариф бағасы да шарықтай бермек. Мәселен beeline-ның ресми саитында 2023 жылдың 25-сәуірінен бастап тариф бағасы қымбаттайтыны айтылған. Себебін жабдықтармен мен қызмет көрсету құны, сонымен қатар инфляцияға, девальвацияға, электр энергиясының өсуімен байланыстырған.

Ал "Алтел" байланыс операторын қолданушылар 2023 жылы тарифтың мың теңгеге қымбаттап кеткенін жеткізді. Айтуларынша тариф бағасы бір сәтте 2490 теңгеден бірден 3490 теңгеге көтерілген. Ал теле 2-дегі бағаның ең арзаны ресми сайтта 2790 теңгеден басталады. Желі қолданушыларына жыл басында менеджерлер хабарласып тарифті жоғарылатуды ұсынған.

"Жыл басынан наурыз айына дейін менеджерлер хабарласып тарифті ауыстыруымды ұсынды. Ал ауыс деген тарифі тым қымбат. Өзім айына 3890 теңге төлеймін. Осыдан бір жыл бұрын тарифым 1890 болатын. Ал қазір қай байланыс операторын қолдансаңыз да 2000 теңгелік тариф табу қиын,- дейді Нұрбол есімді тұтынушы.

Жалпы 2022 жылы тарифтерді көтеруге қатысты 450-ден астам шағым түскен. Кейбір тарифтік жоспарлар 50 пайыздан 100 пайызға дейін қымбаттаған. Алайда, біз келтірген мысалдарға қарасақ, айыппұлға қарамастан байланыс операторлары бағаны көтеруді тоқтатпаған. Жақында кейбір тарифтер тағы қымбаттамақшы. Мәселені бір жақты ету үшін "Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі" нарық толық монополиядан шығарылғанға дейін ұялы байланыс қызметтерінің бағаларын мемлекеттік реттеуді енгізуді ұсынып отыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов