"2425 бала есепте тұр". Психикалық орталықта балаларға ең жиі қойылатын диагноздар қандай?

"2425 бала есепте тұр". Психикалық орталықта балаларға ең жиі қойылатын диагноздар қандай?
Фото: Ернар Алмабек

2023 жылғы мамыр айындағы жағдай бойынша, Алматы қаласының психикалық денсаулық орталығында 2425 бала есепте тұр. Бұл орталықта балаларға ең жиі қойылатын диагноздарға аутизм мен шизофрения жатады. Бұл жайлы Massaget.kz тілшісіне Алматы қаласының психикалық денсаулық орталығының балалар психиатры Әлия Мәлікқызы айтып берді.

Алматы қаласының психикалық денсаулық орталығында мамыр айындағы жағдай бойынша, 1883 бала (3-15 жас) және 542 жасөспірім (15-18 жас) есепте тұр.

Балалар психиатры Әлия Мәлікқызының айтуынша, психикалық денсаулық орталығында ең жиі қойылатын диагноздарға аутизм мен шизофрения жатады. Сондай-ақ маман орталықта балаларды 3 жастан бастап қана қарайтынын айтты.

"Кей ата-аналар баласының көзге тіке және атын айтқанда қарамайтынын 1 немесе 2 жастан байқағандарын айтып келеді. Бірақ біз психиатрияда балаларды 3 жастан бастап қараймыз. Өйткені, 1 және 2 жастағы балалар әлі өте кішкентай және оларда сауығу потенциалы жоғары.  Ол балаларда жай ғана дамуында кідіріс болып, онымен жұмыс жасаса, олар жазылып кетуі әбден мүмкін", - деді маман.

Балалар психиатры бала әлі кішкентай болса, ата-аналарға алдымен баламен жұмыс жасауға кеңес берді.

"Кей ата-аналар аутистік спектрдің бұзылуы диагнозымен келеді. Яғни, бала көзге қарамайды, сөйлемейді және басқа балалармен ойнамайды. Мұндай аутистік спектрлер дамуында кідіріс болса, ақыл-ой дамуы баяу болса және аутизм кезінде болуы мүмкін. Сол үшін оларды бір-бірінен ажыра білу керек. Ол үшін біз 3 жастан бастап келген балаларды бақылаймыз және тексереміз. Кейде оларды психологқа жібереміз. Содан соң ата-аналарға баланы түзету сабақтарына, массажға (әсіресе, мойын тұсына) апаруға, дефектолог, логопед мамандарына баруға кеңес береміз. Сондай-ақ курс бойынша неврологиялық ем алады. Міндетті түрде баланың басын ЭЭГ-ге түсіру қажет.

Егер ата-аналар бір жыл көлемінде солай жұмыс жасап, бірақ ешқандай өзгеріс болмаса, біз баланы өзімізде стационарда жан-жақты бақылаймыз: психиатр, дефектолог, неврапотолог және педиатр қарайды. Кейін бүкіл мағлұматтарды жинап, балаға диагноз қоямыз.

Ал кей балалармен жұмыс жасағаннан кейін баланың тілі шығып, көзге қарап бастайды. Яғни, бала дамуында кідіріс қана болған", - дейді Әлия Мәлікқызы.

Аутизмде байқалатын белгілер:

  • атына қарамау;
  • сөйлемеу;
  • балалармен ойнамау;
  • ойыншықтарға қызығушылық танытпау;
  • ойыншықтарды тізбектеп қою;
  • қорқыныш сезімінің болмауы (мысалы, көлік келе жатса,  бала оған қарай жүгіре салады);
  • әке-шешесіне жылулық болмау (әке-шешесін іздемейді, әке-шешесі сырттан келсе қуанбайды, анасымен далаға ойнауға шықса, басқа адаммен кетіп қалуы мүмкін);
  • тамақ талғау (кейде тек бір-ақ тамақты жейді);
  • эмоционалды тұрғыда суық;
  • көзге тіке қарамау (сұраққа жауап береді, бірақ көзге қарамайды, яғни байланысқа түспейді).

Аутизмнің пайда болуына қандай факторлар әсер етеді?

Маманның айтуынша, балада не үшін аутизм болатынының әлі де нақты себебі жоқ.

"Аутизмнің әлі де нақты себебі жоқ. Алайда, ол әдетте туа пайда болады. Оның ең жиі кездесетін себебі - тұқымқуалаушылық. Сондықтан біз баланың анасына ең бірінші қоятын сұрағымыз - психиатрияда есепте тұрған туысқандарыңыз бар ма? Сондай-ақ бала анасының құрсағында жатқанда болған өзгерістер әсер етуі мүмкін. Мысалы, жүкті әйелдің бірінші триместрде ЖРВИ-мен немесе басқа да аурулармен қатты ауырып қалуы. Сол секілді жүктілік кезіндегі күйзеліс те балаға жағымсыз әсер етуі мүмкін", - деді балалар психиатры. 

 Шизофрения

Шизофрения баланың кішкентай кезінде де байқалуы мүмкін, сондай-ақ мысалы, жасөспірім кезінде пайда болуы мүмкін. Мысалы, ол 15 жасқа дейін қалыпты бала болды, 15 жастан бастап өзгерістер байқала бастайды. Жалпы шизофрения жасөспірімдер арасында жиі кездеседі. Оларға сұрақ қойсаңыз, басқаша жауап береді (кейде сұраққа жауап бергенде басын бастап аяғын аяқтамайды, басқа нәрсеге көшіп кетеді), дауыстар ести бастайды, түнгі ұйқысы нашарлайды.

"Мұндай белгілермен біз жедел түрде стационарға жатқызамыз. Бұл да жиі тұқымқуалаушылық арқылы беріледі. Біз әкесі, шешесі жағынан болған жоқ па, психиатрияда есепте тұрған туыстарыңыз, өзін емші санайтын туысқандарыңыз бар ма деп сұраймыз. Сондай-ақ шизофрения кейде зақым алғаннан кейін, жол апатына түскеннен кейін де пайда болады", - деді Әлия Мәлікқызы.

Алматы қаласының психикалық денсаулық орталығының балалар психиатры Әлия Мәлікқызы ата-аналарды балаға ерте жастан гаджеттер бермеуге шақырды.

"Қазір ата-аналар ерте жастан балалардың қолына телефон береді. Мен 4-6 айдан бастап телефон берген ата-аналарды көрдім. Бұл дұрыс емес нәрсе. Балаға телефон беріп қойса, бала тыныш отырады және маған кедергі келтірмейді деп ойлайды. Кей ата-аналар балам түстер үйренді, ағылшынша үйренді деп мақтанады, бала оларды тек қана механикалық үйренеді. Яғни, ойлау қабілеті дамымайды. Сәйкесінше, олар телефон қарауға үйреніп қалып, басқа балалармен қатынасқа түскісі және сөйлескісі келмейді. Одан смартфонды тартып алса, агрессия көрсетеді, айқайлайды немесе аяқпен секіреді.

Бала дүниеге бәрін біліп келмейді. Біз оларға үйретеміз. Сол секілді біз баланы сөйлеуге үйретуіміз керек. Ата-ана мен бала әрдайым қарым-қатынаста болуы керек. Балада қызығушылық болып, әр нәрсені сұрау керек. Көп ата-ананың уақыты жоқ, жұмысқа барып келеді, содан соң баламен сөйлесудің орнына оған ұялы телефон беріп қояды", - деп қорытындылады маман.

Еске салайық, бұған дейін психолог балада невроздың пайда болуына не әсер ететінін айтқанын жазған болатынбыз.

А. Жапатова