"Осындайларды көрсем ашуым келеді". Келінге тұңғыш баласының атын айтуға болмайтыны рас па?

"Осындайларды көрсем ашуым келеді". Келінге тұңғыш баласының атын айтуға болмайтыны рас па?
Фото: sulu_kelin_kz кадры

Әлеуметтік желіде кезекті видео қызу талқыға түсті. Онда әйел адам келінін шақырып, келіні тұңғыш баласын өз атымен емес, еркелетіп басқаша атауы керегін айтады. Видеодағы әйелдің мәлімдемесі Желі қолданушыларының ашуына тиді. Бұл қазақ ғұрпында болған дүние ме? Massaget.kz тілшісі мамандардан сұрап анықтап көрді. 

Видео Instagram-дағы sulu_kelin_kz парақшасында пайда болды. Бұл баланы бесікке салу рәсімі кезінде болған жайт болуы мүмкін. 

"Айналайын келінжан, білімді, тәрбиелі, көрегенді жердің қызысың ғой. Ертеңнен бастап Талшын мен Омарға ат қоясың. Омар, Талшын деп атама, жаным. Біреуі апаңның қызы, біреуі атаңның баласы. Одан кейін төртеу туып ал да, өзің атай бер", - дейді видеодағы әйел адам. 

Әйел адамның бұл сөзі Желі қолданушыларының ызасын тудырған. 

"Сорлы қазағым-ай, келінге тыйым салудан басқа ештеңе айтпайды екен. Келін де адам емес пе? Осындайларды көрсем ашуым келеді, онсыз да қайынжұртын атамайды, енді өзегінен шыққан баласын атамау керек пе? Аузым бар екен деп білгіштеніп не керек?"

"Тоғыз ай тоғыз күн толғатып қиналып туып бергенде өз баламыздың атын атамай, жақсы көрмесек несіне ана боламыз? Осындай ақыл айтқыштарға жыным келеді. Өз анасының атын айтқызып қоятындарға да. Бала ата-әже баласы болса да өз әке шешесін әкем анам деп қабылдауы керек. Ата-әжесі өмірден өткенде бала да, әке-шеше де қиналады. Сондықтан олай айтқызбаған дұрыс"

"Міндеттіміз деген әңгіме жоқ! Бітпейтін міндеттерді қайдан тауып аласыңдар осы? Кез келген қарым-қатынас шынайылық пен сыйластықтан тұрады. Балаға, немереге қаншалықты мейірім төксең, бала өзі-ақ атаның, әженің баласымын деп жүгіріп тұрады!" 

"Өз баламның атын атаймын, еркелетемін, сүйемін, құшақтаймын, қорғаймын ата-әжесінің алдында. Мен өз балама жауап беремін, міндеттімін. Ата-әже, ата-ананың кім екенін және әр қайсының махаббатын, тәрбиесін алуы керек!", - дейді Желі қолданушылары. 

Бұл мәселеге қатысты Alasha art өнер орталығының жетекшісі, Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі, этнограф Бұлбұл Кәпқызы пікір білдірді. Маманның сөзінше, қазақта мұндай салт болмаған

"Қазақта мұндай дәстүр жоқ. Келін тұңғыш баласын атасының баласы, әжесінің баласы деп еркелетеді, әрине. Бірақ балаға бөлек ат қояды деген дәстүрді естімеппін. Келін түскен жеріне қайын інісі, қайын сіңлісі, ата-енесіне, жақын араласатын туыстарына ат қоятын. Ол келіннің ибалы, әдепті екенін байқатады. Бірақ тұңғыш балаңа бөлек ат қоясың, басқаша еркелетесің деген талап жоқ", - деп түсіндірді Бұлбұл Кәпқызы. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих факультетінің археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Бибізия Қалшабаева тұңғыш баланы ата-әжесіне беруге қатысты ойын айтты. 

"Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Бұрын, әрине, ата-әжесі тұңғыш немересін бауырына басып алатын. Қазіргі кезде ол көп кездеспейді деп ойлаймын. Менің пікірім, ата-әжесі баланы баулып, тәрбиесіне қатысса да баланы әке-шешесінен бөліп алып, бауырына басуды аса құптамаймын. Себебі ата-әжесінің бауырында өскен бала екіжақты болады. Оны өмірден де көріп жүрміз. Бала бір шетінен жалтақтап ата-әжесінің көңілін қимаса, бір шетінен ата-анасының да көңілін аулағысы келеді. Ал ата-әжесі қартайған кезде бала психологиялық тұрғыда зардап шегуі мүмкін. Сондықтан бұл салтты онша құптамаймын", - дейді этнограф. 

Сонымен қатар, Бибізия Қалшабаева келін баланың атын атамауы туралы ойын бөлісті. 

"Ата-әжесі қызық көріп, "атын атама, бұл біздің бала" деп қана айтатын шығар. Ал жалпы ата-ана баласының тәрбиесіне араласып, жақсы азамат болып өсуіне бар жағдайды жасауы керек. Бірақ тұңғышының атын атамауы керек дегенді қолдамаймын", - деп түсіндірді маман. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина