5G ми ісігін тудырып, ДНҚ-ны зақымдайтыны рас па?

5G ми ісігін тудырып, ДНҚ-ны зақымдайтыны рас па?
Фото: elements.envato.com

Желіде тараған жаңалықтар сюжетінде 5G адамдардың денсаулығына қауіп төндіреді делінген. Бұл технология ДНҚ өзгерістеріне, ми ісігіне және басқа да емделмейтін ауруларға әкеледі екен. Алайда Stopfake.kz мәліметінше, мұның бәрі өтірік, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Таралған видео – бұл Epoch Media Group компаниясына тиесілі NTD телеарнасының жаңалықтар сюжетінен үзінді. Ол сондай-ақ псевдоғылыми жаңалықтар, қастандық теорияларын және фейк жаңалықтар таратуымен танымал The Epoch Times газетінің де иесі.

Сюжетте жүргізуші 5G желілерінің зияны дәлелденген ғылыми конференция туралы айтады. Бұл конференция 2019 жылы өткен және фактчекерлер бұл туралы жазған болатын. Онда айтылған тезистер дәлелденбеген және қатысушылардың сөзімен ғана расталады. Сонымен қатар, 2019 жылы талқыланған конференцияға қатысушылардың мәлімдемелеріне қайшы келетін беделді ғылыми зерттеулер болды.

2023 жылы 5G желілерінің қауіпсіздігі одан да көп зерттеулер мен объективті шынайылықпен расталады. Мәселен, ДДСҰ-ның ресми сайтында жаңа буындағы желілер адамдардың денсаулығына теріс әсер ететініне ешқандай дәлел жоқ делінген.

2020 жылы Иондаушы емес сәулеленуден қорғау жөніндегі халықаралық комиссия (ICNIRP) 5G байланысын қолдану адамдардың денсаулығының нашарлауына әкелмейді деген қорытындыға келді.

2021 жылы Еуропарламент комиссиясы 5G технологиясын адамдар үшін қауіпсіз деп тапты. 

Бүгінгі таңда 5G желілері АҚШ, Солтүстік Корея, Қытай, Жапония, БАӘ, Кувейт, Швеция, Жаңа Зеландия, Австралия және басқа да бірқатар елдерде орнатылған.

Қазақстанда 5G базалық станциялары 2023 жылдың басында қойылды. Олар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында бар. Еліміздің басқа қалаларында да желілерді орнату жоспарлануда. Әр түрлі елдерде технологияның іске қосылуымен ми ісіктері мен басқа да ауыр ауруларды тіркеу жағдайлары көбейіп жатпағанын айта кеткен жөн.

Демек, таралған ақпарат жалған. 5G желілері ДНҚ-ны өзгертеді және ми ісігін тудырады дегенге сенуге негіз жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина