- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтауда 21 жастағы...
Ақтауда 21 жастағы спортшы қыздың өлімі: іс қайта сараланды, күдікті ұсталған
Ақтау 2 шілдеде су жиналатын арнадан өлі табылған 21 жастағы спортшы Валерия Шальнованың өліміне қатысты іс тағы басқа бап бойынша сараланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Лада" басылымына сілтеме жасап.
Бұған дейін қылмыстық іс 105-бап "Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу" бойынша қозғалып жатқаны хабарланған еді. Кейін полиция 119-бап - "Қауiптi жағдайда қалдыру" бойынша тергеу жүргізуді бастаған болатын. Қазір 99-баптың 1-бөлімі "Адам өлтіру" бойынша тергеу жүріп жатыр.
"Күдікті қамауға алынды. Сот санкциясы бойынша, күдікті 10 тәулікке қамауға алынды", - дейді зардап шеккен тараптың адвокаты Ажар Әбділ.
Басылым мәліметінше, марқұм Валерия Шальнованың әпкесі Каролина Шальнова тәуелсіз сараптама әлі жүргізілмегенін айтқан. Марқұмның денесі мәйітханада бесінші күн жатыр.
"Денесін мәйітханаға әкелген күні медициналық сарапшы қандай да бір себептермен сараптама жасамаған. Заң бойынша ол мәйітті әкеле салысымен бірінші күні-ақ қарауы керек еді. Оның үстіне ата-анамызды бірден оны тануға кіргізуге рұқсат бермеді. Денені суреттерге қарап, атап айтқанда татуировкасы арқылы анықтады. Жергілікті медициналық сарапшы денеде зорлық-зомбылықпен өлу белгілері жоқ екенін алға тартады. Неге екені белгісіз, мұрны жаншылғанына мән бермейді, мойнында қылқындыру іздері бар, көптеген гематомалар бар. Мен оны ата-анаммен бірге көрдім. Оның үстіне әлі сараптама қорытындысын алған жоқпыз. Сол себепті басқа өңірден тәуелсіз сарапшылар мәйітті бейтарап сараптамадан өткізу үшін Ақтауға келе алмайды. Бізге тәуелсіз сараптама жүргізуге мүмкіндік беруді талап етеміз", - деді Каролина Шальнова.
Еске салайық, 2 шілдеде Ақтауда су жинау арнасынан 21 жастағы қыз өлі табылды. Туысының айтуынша, сіңлісі Ақтауда танымал спортшы болған. Қоян-қолтық ұрыспен кәсіби түрде айналысқан. Көптеген жарыста жүлде алған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Шәріпхан