Талдықорғандағы мәйітханаға 5 жарым миллион теңге айыппұл салынды. Мамандар өлгендердің денесі жататын нысанда санитарлық талаптың сақталмағанын анықтаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қабырғалары жартылай жалаңаш мәйітхананың сырты да, іші де оңып тұрған жоқ. Мүрде салынған төсектер мәйіттердің қанына боялған. Тазалықтың сақталмағаны тайға таңба басқандай айқын көрініп тұр. Айнала кір, темірлер тот басқан. Дезинфекциялық жұмыстар да жүргзілмеген екен. Ғимараттың өзінен бөлек, құрал-жабдықтары да ескі екені көрініп тұр.
Аталмыш заң бұзушылықтарды санитар мамандар анықтаған. Мекеме 5 жарым миллион теңге айыппұлды осы айдың соңына дейін толық төлеуі керек.
"Сол бұзушылықтардың негізінде біздің қызметкерлер мәйтіхананың басшылығына 1600 АЕК ретінде айыппұл салып отыр. Бұл айыппұл Әкімшілік кодекстің 425-бабы 1-тармағына сәйкес жасалып отыр", - дейді Жетісу облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Әлия Шагиахмет.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!