- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Кентауда фаст-фудтан уланғандар...
Кентауда фаст-фудтан уланғандар саны 100-ге жетті
Кентауда "Ризық Рауаны" қоғамдық тамақтану орнында фаст-фуд өнімдеріне тапсырыс беріп, уланып қалғандар саны 100-ге жетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Elitar.kz сайтына сілтеме жасап.
Түркістан облысы бойынша Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, бүгінгі таңда стационарлық ем қабылдаған науқастардың 67-сі ауруханадан үйлеріне шығарылған. 25 науқас амбулаториялық ем қабылдап жатыр. Түркістан қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында 8 науқас ем алып жатыр.
Зертханалық тексерулердің нәтижесінде қоғамдық тамақтану орнындағы 2 қызметкерден сальмонеллез, 6 қызметкерден стафилококк ауруының қоздырғышы анықталған. Сонымен қатар үй ошағынан алынған 3 чикен (тауық еті) өнімінен сальмонеллез инфекциясы анықталған.
Еске салайық, бұған дейін Кентау қаласында тамақтан уланумен орталық қалалық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне 67 адам, амбулаториялық емделушілерге 28 адам түскені хабарланған болатын. 14 жасқа дейінгі науқас балалар арасында - 40, ересектер - 27, оның ішінде жүкті әйелдердің саны - үшеу.
Облыстық әкімдіктің мәліметінше, уланғандар фаст-фуд кафесінде суши мен тауық етін жеген.
Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Осыған дейін 58 адам уланып, 19-ы инфекциялық бөлімшеге жатқызылғаны туралы хабарланған болатын. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Мамандар зертханалық зерттеу үшін дәмханадан сынама алды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина