- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қажылыққа аттанарда білу...
Қажылыққа аттанарда білу қажет үш маңызды нәрсе
Жақында қажылыққа аттанған бірнеше адам туристік фирмаға алданып қалған болатын. Қазақстандықтарды қажылыққа апарамыз деп алдаған компанияға қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та пікір білдірген болатын. Қажылыққа аттанарда не білу керек? ҚМДБ ресми өкілі Ағабек Қонарбайұлы түсіндіріп берді.
Маусымның аяғында жүзден аса қазақстандық қажылығын өтеу үшін Қағбаға жете алмады. Олар Сауд Арабиясында құжаттарға байланысты ұсталды. Сонымен қатар, қажылар бірнеше күн бойы полиция бөлімінде тамақ пен сусыз жатты.
Бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерді.
"Жақында бір туристік компания заңға бағынатын бір топ азаматты алдап, оларды қажылыққа жіберген. Енді кінәсіз адамдар Сауд Арабиясының полиция учаскесінде қамауда отыруға мәжбүр. Осындай алаяқ компанияның заңға қайшы әрекеті азаматтарымыздың денсаулығына, олардың моральдық жағдайына және жалпы еліміздің беделіне үлкен нұқсан келтіріп отыр. Бұл жерде, әрине, адамдардың құқықтық сауатсыздығы да бар. Енді, мемлекетіміз, яғни Сыртқы істер министрлігі оларға барынша көмектесуі қажет. Ал Ішкі істер министрлігі алаяқ компанияның басшылығын, қызметкерлерін заңға сәйкес жауапқа тартуға тиіс. Әділетті қоғам құрамыз десек, дәл осындай өзекті мәселелерді шешуіміз керек", - деді Президент.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының ресми өкілі Ағабек Қонарбайұлы қажылық парызды орындау үшін неге назар аудару керегін түсіндірді.
Біріншісі - қажылыққа рухани дайындық жасау.
"Қажылық парыз құлшылық болған соң оның өз шарттары мен ережелері бар. Мұсылман адам қажылық құлшылығына әуелі рухани дайындалуы қажет. Қажылық жай барып келетін (саяхат) жер емес. Сондықтан қажылыққа баратын кісі қасиетті мекенге шықпас бұрын қажылық жайында діни мәліметі болуы керек. Ал қажылыққа алдын ала рухани дайындалмаған адам Алланың рақымы түскен қасиетті мекенге саяхаттап келген адам секілді құлшылықтың ләззәтын ала алмауы мүмкін", - дейді Ағабек Қонарбайұлы.
Фото: Pexels.com
Екіншісі - қажылыққа материалдық тұрғыда дайын болу.
"Қажылық құлшылығының өзге құлшылықтардан біршама өзгешеліктері мен ерекшеліктері бар. Қажылық парыз болуы үшін ең бірінші кезекте балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жарамды және қаражаты жететін адам болуы керек. Міне, осы шарттар орындалғанда ғана оған өмірінде бір рет қажылыққа бару парыз болады. Сол үшін шариғатта зекет пен қажылыққа қаражатының жеткілікті болуы парыз етілген. Ал қаражаты жеткіліксіз адамға қажылыққа бару міндет емес".
Үшінші - қажылыққа сенімді тур фирмалар арқылы бару.
"Қажылық белгілі күндері және арнайы орындарды зиярат ету арқылы орындалатындықтан оған барлық мұсылман әлемінен келетін қажылар арнайы туроператорлар арқылы барады. Сол үшін әрбір қажылық парызын өтегісі келетін кісі осы жағын ескеріп, тиісті мамандарға жүгіне отырып, шешім қабылдауы тиіс. Мысалы, біздің елімізде қажылық рухани құлшылық болғандықтан, бұл іспен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының "Қажылық" бөлімі айналысады. Яғни елімізден баратын қажыларға қызмет көрсетуге қатысты арнайы лицензиясы бар және "Қажылық" бөлімі мақұлдаған туроператорлар ғана айналыса алады. Одан тыс туроператордың қызметі заңсыз болып табылады. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылық сапарын ұйымдастыруға қабілетті деп таныған және Мүфтият жариялаған тізімге сай туроператордың қызметіне жүгіну керек екендігін басты назарда ұстаған жөн. Осы ретте 2023 жылғы қажылық маусымында заңсыз жолдар арқылы орын алған "Zam-Zam Qazaqstan" сынды компаниялардың арбауына түсіп қалмауға шақырамыз", - дейді Ағабек Қонарбайұлы.
Еске салайық, кеше, 3 шілдеде Сыртқы істер министрлігі қажылыққа барамын деп алданған қазақстандықтардың мәселесіне қатысты пікір білдірген болатын.
Қазақстан СІМ-нің ресми өкілі Айбек Смадияров ұсталған қажылардың барлығында қажылықтан өтуге рұқсат етілмейтін туристік виза болғанын айтты. Оның сөзінше, азаматтар жүгінген туристік фирма оларға туристік виза рәсімдеген, ал ол арқылы қажылыққа тыйым салынады. Бұл компания осындай визалар арқылы 300-ге жуық қазақстандықты әкелген.
Азаматтарымыздан қажылыққа сай келмейтін визаға байланысты Сауд Арабиясында полиция бөліміне түскені туралы қоңырау түскен. Бас консул қызметкерлерімен бірге дереу полиция бөліміне барып, олардың босатылып, қонақүйге баруына көмектескен. Кейбір мәліметтерге сәйкес, бұл компания Сауд Арабиясына дәл осындай виза бойынша 300-ден аса азаматты әкелген. СІМ барлық қажының орналасқан жерін бақылау мүмкін емес екенін атап өтті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина