- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Экс-министр Мұхамедиұлының адвокаты...
Экс-министр Мұхамедиұлының адвокаты ұсталды
Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты Мұстахим Төлеев ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведмоство мәліметінше, экс-мәдениет және спорт министрінің адвокаты пара беруге итермеледі деген күдікке ілінген.
Антикоррупциялық қызмет тергеп жатқан қылмыстық істерді жедел сүйемелдеу аясында сот төрелігін іске асыру жөніндегі қызметке араласуға бағытталған аса ауыр жемқорлық қылмыстар жасалынғаны анықталды.
А.Мұхамедиұлының қылмыстық жазасын жеңілдету және қамаудан босату сылтауымен қорғалушының жұбайынан сот органдарының лауазымды адамдарына беру үшін пара ретінде 460 000 АҚШ доллары сомасында ақшалай қаражат алған.
Тергеу амалдары барысында 255 000 АҚШ доллары көлеміндегі қаражат анықталып, тәркіленді. Қалған соманы ол өз қалауы бойынша жұмсағаны анықталды.
Экс-министрдің өкілі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Айта кетейік, 2022 жылғы мамырда Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынған еді. Ол кезде Мұхамедиұлы ұлттық музейді басқарып тұрған болатын. 28 мамырда сот санкциясымен Мұхамедиұлына қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Әлем мұражайлары бойынша "Алтын адам" шеруі" халықаралық көрмесін өткізу бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт шеңберінде 146 миллион теңге мөлшерінде бюджет қаражатын жымқыру дерегіне қатысты ұлттық музейдің лауазымды тұлғаларына және басқа да адамдарға қатысты тергеуді бастады.
Шілдеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі өкілдері ұлттық музейдің бұрынғы басшылығына және басқа да адамдарға қатысты 2017-2018 жылдары "Ақпараттық ресурстарда нысандарды танымал ету үшін жалпыұлттық тізбеге енгізілген нысандардың 3D-модельдерін құру" жобасын іске асыру кезінде аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын ұрлау дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Ресми деректер бойынша тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген залалдың алдын ала сомасы шамамен 7 миллиард теңге болады.
Биыл қаңтарда бұл іске қатысты жаңа деректер пайда болды. Ұлттық музей директорының бұрынғы орынбасары Алмаз Нұразханның да қамауға алынғаны белгілі болды. Ал биыл ақпанда Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі екі айға ұзарды. Бұған дейін прокурор Мұхамедиұлын тоғыз жылға бас бостандығын айыруды сұраған болатын.
Арыстанбек Мұхамедиұлының соты қашан өтетіні белгілі болды
Еске салайық, бұған дейін ол сотта кінәсін мойындамайтынын айтқаны хабарланған еді. Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова