"Көліктің капотына шығып, әйнегін сындырған". Жүргізушілердің жанжалы Желідегілерді шошытты

Фото: Видео кадры

Қазақстандық жүргізушілердің жолдағы жанжалы видеоға түсіп, әлеуметтік желіге тарап кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ашуланған жүргізуші сол жақ жолақтағы көлікті тоқтатып, капотына шығып, аяғымен алдыңғы әйнегін сындырған. Содан кейін ол төмен түсіп, жүргізуші отырған жақтағы терезені жұдырығымен ұрып сындырып, оны сыртқа шығаруға тырысқан. Бұл кезде көліктің ішінде жүргізушіден бөлек әйелі мен баласы болған.

Видеода олардың қазір ауруханада жатқаны айтылды.

Оқиға Алматы облысында Алматы-Бішкек бағытындағы тасжолда болған.

"28 маусымда Жамбыл аудандық полиция бөліміне Ы. есімді ер адам жазбаша өтінішпен жүгінді. 1992 жылы туған белгісіз адамға қатысты шаралар қабылдау туралы, ол сағат 19:20 шамасында Алматы-Бішкек автожолында жол қозғалысы ережелерін бұзып, жол апатына түскен. Бұл ретте оның көлігі бұзақының кесірінен зақымданған. ​Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бойынша аудандық полицияның соталды тергеуінің бірыңғай тізіміне тіркелді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 1993 жылы туған күдікті К. есімді ер адамды ұстады", - деді Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері.

Сот-медициналық сараптама тағайындады. Күдіктінің көлігі Ұзынағаш ауылындағы мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылған.

"Сонымен қатар, жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша жүргізуші К. есімді адамға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 610-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Қазір бұзақылық дерегі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек