- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістан облысында дәмханада...
Түркістан облысында дәмханада уланғандар саны артты
Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы өкілдері Кентаудағы жаппай улануға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Кентау қаласында тамақтан уланумен орталық қалалық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне 67 адам, амбулаториялық емделушілерге 28 адам түсті. 14 жасқа дейінгі науқас балалар арасында - 40, ересектер - 27, оның ішінде жүкті әйелдердің саны - 3", - деп хабарлады Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Облыстық әкімдіктің мәліметінше, уланғандар фаст-фуд кафесінде суши мен тауық етін жеген.
Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Осыған дейін 58 адам уланып, 19-ы инфекциялық бөлімшеге жатқызылғаны туралы хабарланған болатын. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Мамандар зертханалық зерттеу үшін дәмханадан сынама алды.
"Науқастардың барлығы дене қызуының көтерілуіне, жиі құсатынына, нәжістің бос болуына шағымданды. Әрқайсысы өз ауруын "Rizyq Rauany" дәмханасында сатып алынған тағамдарды пайдаланумен байланыстырады. Бүгінгі уақытта кафенің қызметі тоқтатылды, жоспардан тыс тексеру басталды. Облыстық санитарлық эпидемияға қарсы күрес департаментінің мамандары тартылды. Қылмыстық іс қозғалды. Қазір індет ошағында эпидемияға қарсы іс-шаралар жалғасып жатыр", - деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина