Қай салаға білім беру гранттары көп бөлінгені белгілі болды

Қай салаға білім беру гранттары көп бөлінгені белгілі болды
Фото: gov.kz

Мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру гранттарының тізімі жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл жоғары оқу орындарында оқу үшін 88 мың грант бөлінген. Гранттардың басым бөлігі "Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары" білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, олардың саны - 18 744 грант. Ал "Педагогикалық ғылымдарға" 12 560 грант, "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар" саласына 10 103 грант, "Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика" бағытына 7 388 грант тиесілі.

Сондай-ақ, "Серпін" бағдарламасы арқылы оқуға түсушілерге 3 653 грант бөлінген. "Серпін" жобасы арқылы 4 даярлау бағыты бойынша білім алуға болады. Яғни педагогикалық ғылымдар, инженерлік-техникалық, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түсе алады. Бағдарламаға оңтүстік өңірдегі ауыл жастары қатысады. Айта кетсек, оқу бітіргесін грант өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылды. Сондай-ақ, бұрын мамандар өзі оқыған аймақта ғана грантты жұмыспен өтейтін болса, енді 11 аймақта қызмет ете алады.

Бакалавриатқа түсу үшін 2023-2024 оқу жылында 73 мыңға жуық грант бөлінді.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық гранттың 60 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді. Сонымен қатар, биыл халық тығыз қоныстанған батыс және жаңадан құрылған өңірлердің жастары үшін гранттар бөлінді. Талапкерлер берілген ақпарат негізінде дұрыс таңдау жасайды деп сенемін", - деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Магистратураға түсуге 13 мыңнан аса, докторантураға түсуге 1800-ден аса грант бөлінген.

Еске салайық, бұған дейін түлектер ҰБТ-да түрлі тәсілмен шпаргалка қолдануға тырысқаны хабарланған еді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова