2024 жылдан бастап жұмыс беруші де қосымша зейнетақы жарнасын төлейтін болады

2024 жылдан бастап жұмыс беруші де қосымша зейнетақы жарнасын төлейтін болады
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілер тарапынан да қосымша зейнетақы жарналары төленеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, зейнетақы мөлшерін арттыру және жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жыл басында базалық және еңбек зейнетақыларының мөлшерін есептеу параметрлері өзгерген.

"Саралап көтеру тетігін қолдану нәтижесінде ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері 21 пайызға дейін өсті. Бұл зейнетақысы төмен зейнеткерлерге үлкен әлеуметтік қолдау болатыны анық. Ал болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары төленетін болады", - деді министр.

Оның айтуынша, Әлеуметтік кодексте БЖЗҚ салымшысы өзінің зейнетақы активтерінің 50 пайыздан аспайтын бөлігін дербес таңдауы бойынша жеке басқарушы инвестициялық компанияларға беру мүмкіндігі көзделген. Сонымен қатар жыл басынан қолданысқа енгізілген Отбасының цифрлық картасы проактивті қызмет көрсету құралы ретінде толыққанды жұмыс істеп тұр.

"Содан бері 800 мыңнан аса азаматқа проактив қолдау шараларын ұсынуға SMS жолданды. Оның ішінде 650 мың азаматқа төлемдер проактив түрде, 95 мың азаматқа "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы тағайындалды", - деді Тамара Дүйсенова.

Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек