"Өзенмұнайгазға" қатысты тексеріс нәтижесі айтылды

"Өзенмұнайгазға" қатысты тексеріс нәтижесі айтылды

2 ай бұрын Астанадан Жаңаөзенге барған арнайы жұмыс тобы мұнай өндіруші және сервистік кәсіпорындардағы тексеріс қорытындысын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚМГ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"ҚазМұнайГаз" компаниясы қызметкерлерінен құралған топ «Өзенмұнайгаз» мекемесінің барлық бөлімшелері, 8 сервистік ұйым мен 43 мердігер компанияның қаржы-шаруашылық қызметін талдаған. Қазіргі уақытта 118 заңбұзу дерегі анықталып отыр. Соның ішінде 7 іс құқық қорғау органдарына жіберілді. Тағы 10 дерек бойынша қызметтік тергеу жалғасып жатыр. 101 дерекке қатысты жауапты тұлғаларға тәртіптік жаза қолданылады. Қазіргі уақытта өндіріске келген шығын көлемі есептеліп жатыр. 

"Мұнай кәсіпорнына жалған түрде сырттан жұмысшылар жалдағаны жайлы ақпарат тексерілді. Бұдан компанияға 47 миллион теңгеге жуық шығын келген. Мұнай мекемесі мен "БерАли Маңғыстау Company" серіктестігі арасында жасалған келісім-шарт бойынша орындалған жұмыстар тексерілді. Бұл жерде жұмыс уақыты шамадан тыс көрсетіліп, нәтижесінде 97 миллион теңге артық төленген болып шықты. Компанияда бос орындарға адам алу алгоритмінің бұзылғаны туралы Жаңаөзен прокуратурасына хабарланды", - "ҚМГ" арнайы жұмыс тобының мүшесі Әділ Балтабаев. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина