- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 1 шілдеден бастап...
1 шілдеден бастап қандай төлемдер мен жәрдемақылар өсетіні белгілі болды
1 шілдеден бастап азаматтардың жекелеген санаттары үшін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері, сондай-ақ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбек қабілетінен және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша төлемдер 14,5 пайызға арттырылады. Бұдан басқа, 7 және одан да көп баланы өмірге әкелген, наградталған аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылмақ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Бұған дейін 29 наурызда VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы мүгедектігі бар адамдарды қолдау шараларын күшейту қажетін айтқан еді.
ҚР Әлеуметтік кодексі шеңберінде 2023 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мынадай түрінің мөлшерін орта есеппен 14,5 пайызға арттыру көзделген:
- мүгедектік бойынша;
- асыраушысынан айырылған жағдайы бойынша;
- арнайы әлеуметтік жәрдемақылар;
- мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақы мөлшеріне дейін жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне қосымша ақы алушыларды қоспағанда, жасына байланысты зейнетақы төлемдері немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері тағайындалған бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар;
- Байқоңырда тұратын және Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын 7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
- саяси қуғын-сүргін құрбандарына немесе саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып табылатын адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
- Қазақстан Республикасы алдында ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы.
Осылайша, бұл жәрдемақы түрлері 2022 жылмен салыстырғанда 23 пайызға өседі. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен қосымша 37 миллиард теңге бөлінді.
Бұдан басқа, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік жәрдемақыларды 14,5 пайызға арттыру көзделген:
- бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамға;
- мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анасына немесе әкесіне, асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға).
Қазір бұл жәрдемақылардың мөлшері - 1,4 ең төменгі күнкөріс деңгейін немесе 2023 жылы 56 794 теңге. Әлеуметтік кодекс күшіне енген кезде жәрдемақы мөлшері 2023 жылы 1,61 ең төменгі күнкөріс деңгейіне немесе 65 313 теңгеге дейін артады. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен қосымша 6,4 миллиард теңге бөлінді.
Әлеуметтік кодексте, сондай-ақ, "Алтын алқа" алқасымен наградталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған әйелдерге төленетін жәрдемақы мөлшерін саралау көзделеді.
Егер бүгінде 6, 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алса, енді 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап "Алтын алқа", "Батыр ана", I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградтталған, яғни 7 және одан да көп баланы өмірге әкеліп тәрбиелеген аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылады.
Сонымен қатар, биыл 1 шілдеден бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін еңбек қабілетінен және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшерін 14,5 пайызға арттырылады.
Төлемдердің мөлшері жеке және мыналарға байланысты: кейінгі 2 жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбек қабілетінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру.
Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады, сондай-ақ, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР Үкіметінің шешімімен олардың мөлшері 8,5 пайызға ұлғайтылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек